Жаңалықтар

1 қазан 2015
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының жаңа маусымының ашылу салтанатына қатысты

 

Мерейтойлық 115-ші жаңа театр маусымы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Томирис – сақ патшайымы» атты спектакльмен ашылды.

Мемлекеттік хатшымен бірге қойылым премьерасын Парламент депутаттары, еліміздің белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері тамашалады.

Спектакль Болат Жандарбековтың әйгілі «Сақтар» романының желісіне құрылған және Тұмар ханым бастаған сақ халқының парсыларға қарсы соғысы туралы баяндайды. Олардың бірлік пен еркіндік жөніндегі аңсарын сан ғасырлардан соң Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек ақиқатқа айналдырды.

Қойылым аяқталған соң Г.Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы негізгі құндылықтар ретінде халқымыздың тәуелсіздік, қоғамдық келісім және ұлттық бірлік сияқты идеяларының басын қосқанын атап көрсетті.

Мемлекеттік хатшы театрдың шығармашылық ұжымының шеберлігі ұлттық тарихымыздың тереңіне үңіліп, ата-бабаларымыздың бостандық пен тәуелсіздік жолындағы жанкешті ерлік істеріне қанық болуға мүмкіндік туғызғанын атап өтті. Ғасырлар бойы халық бірлігінің символына айналған Ұлы Дала елінің Томирисі – Тұмар ханымның тарихы бізге осыны ұқтырады.

Қойылымды сахналау идеясының авторы – М.Горький атындағы мемлекеттік театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Қасенов. Қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Гүлсина Мерғалиева, қоюшы-суретші – «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Қанат Мақсұтов.

Қойылымдағы басты рөлдерде – Томирис рөлінде Анастасия Воронцова, Кир рөлінде Роман Чехонадский, Рүстем рөлінде Денис Анников және театрдың өзге де әртістері ойнады. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар