Жаңалықтар

1 қазан 2013
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басшылығының ауысуы туралы өз шешіміне қатысты түсініктеме берді

 

Нұрсұлтан Назарбаев отбасылық жағдайына байланысты берілген өтінішіне сәйкес Григорий Марченконың Ұлттық Банк Төрағасы лауазымынан босатылғанын мәлімдеді.

– Ол бұл қызметте көп жыл, соның ішінде қиын жылдары жұмыс істеді. Еліміздің қаржы жүйесін дамытуға, Ұлттық Банк жұмысына, Ұлттық қорды басқаруға зор үлесін қосты, бұл үшін мен оған ризамын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ұлттық Банк Төрағасы етіп Қайрат Келімбетовті тағайындау туралы шешім қабылдағаны жөнінде хабардар етті.

– Ол 44 жаста, Мәскеу мемлекеттік университеті мен АҚШ-тың Джорджтаун университетінің түлегі. Соңғы жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, одан кейін Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарды, Кеден одағының қызметі және Еуразиялық экономикалық одақты құру мәселелері жөнінде келіссөздер жүргізді. Оның ел экономикасы мен қаржылық жағдайы туралы білімі Ұлттық банк жұмысына оң ықпал етеді деп санаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті қабылданған шешім еліміздің дамуына септігін тигізетінін атап өтіп, Ұлттық Банктің саясаты өзгермейтініне тоқталды.     


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар