National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Ақордада Халықаралық әйелдер күніне орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесуі өтті

2013 жылғы 07 наурыз

Кездесуге сан түрлі кәсіп өкілдері: әскери қызметшілер, кәсіпкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет пен өнер қайраткерлері шақырылды.

Қазақстан Президенті қатысушыларды алдағы Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

- Бүгінде мемлекеттің әйелдерге деген қамқорлығының арқасында Қазақстандағы демографиялық жағдай жақсарды. Әрбір әйелге жаңа ұрпаққа өмір сыйлау, балаларды тәрбиелеу сияқты биік те киелі міндет жүктелген. Ана – адам баласы айтатын ең әдемі сөз. Бұл орайда мені барлығы қолдайды деп сенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы соңғы бес жылда бала туу 11 пайызға өскенін, ал табиғи өсім 37 пайызға жеткенін атап өтті. 2012 жылы елімізде 379 мың бала өмірге келді, бұл тоғыз жыл бұрынғы көрсеткіштен бір жарым есе артық.

- Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 6 миллион бала дүниеге келді. Бұл - 6 миллион ананың ерлігі. Көп балалы отбасылардың пайда болуы қалыпты жағдайға айналып келеді. Ананың алғашқы сыйы - өмір, екіншісі – махаббат, үшіншісі – тәрбие дейді. Көбі тәрбиені білім берумен алмастырып жатады. Иә, он баланы да оқытуға болады, әрқайсысы диплом алып шығады. Бірақ одан кейін ше? Ең бастысы, лайықты азамат тәрбиелеу. Біз проблеманың көбі заңға, экономикаға емес, адам сапасына келіп тірелетінін көріп отырмыз. Бізге ойлы, жауапты азаматтар, еліміздің патриоттары керек. Мұның бәрі тек тәрбиемен келеді, - деді Қазақстан Президенті.    

Нұрсұлтан Назарбаев тәрбиелеу өнерін үйрену керек екеніне тоқталды.

- Біз ана болу – күрделі кәсіп дейміз, бірақ, неге екені белгісіз, оны ешкім ешқашан үйретпейді. Ана болуды, отбасылық өмірді және балаларды тәрбиелеу ісін де үйрену керек, - деді Мемлекет басшысы.    

Қазақстан Президенті білімге құлшыныстың бала кезден қалыптасатынын атап өтті.

- Тәрбие беру ісінде мектеп ата-ана жауапкершілігі жөнінде айтады, ата-ана мектепке сілтейді. Дұрысында, тәрбие үшін барлық жауапкершілік жүгі отбасына да, мектепке те жүктелуге тиіс. Мұғалімнің рөлін білімді тек қана «таратушы» деңгейіне түсіруге болмайды. Бізге мүлде басқа педагогика керек. Мұғалім оқушылармен байланыс орнатып, солармен бірге жаңа нәрселер ашуға тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда білім беру жинақ жүйесі жұмыс істей бастағанын атап өтті.

- Бұл – ғаламат механизм. Білім беру жинақ есепшоты әлемнің тек дамыған бірнеше елінде ғана бар. Сіздер ақшаны балалардың оқуына жинайсыздар, банктен проценттер аласыздар, ал мемлекет қосымша сыйақы төлейді. Бұған қоса есепшот иелері білім беру несиесін де жеңілдікпен ала алады. Аз сома болса да неғұрлым ертерек жинай бастасаңыз, балаға жақсы білім беру үшін соғұрлым мол мүмкіндік болады. Біз 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясын қабылдадық. Жоспарлаудың мұндай бағытын неге таңдадық? Балаларымыз, жаңа ұрпақ барлық осы жұмыстың жемісінң қол жеткізетінін сіздердің көрулеріңіз үшін. Әр отбасы өз балалары үшін бәрін жасайды. Қазақстан да солай, көпұлтты үлкен отбасы ретінде болашақ ұрпақтың игілігі үшін жұмыс істейді, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы арта түскенін атап өтті.        

- Біздің «Саламатты Қазақстан» атты мемлекеттік бағдарламамыз тек ТМД ғана емес, әлем бойынша бірегей болып саналады. Халықтың денсаулығын жақсартуға оның аясында 2015 жылға дейін 360 миллиард теңге бөлінеді. Қазақстандықтарға кепілді тегін медициналық көмек көрсетіледі. Бүкіл елде заманауи жабдықтармен жарақтандырылған 21 жаңа перинатальдық орталық ашылды. Соның арқасында сәби мен ана өлімі күрт азайды. «Балапан» бағдарламасы бойынша 2020 жылға қарай мектеп жасына жетпеген барлық бала балабақшадағы орындармен қамтамасыз етілетін болады. Бала туғаннан кейін жұмысына оралатын жас аналар үшін бұл айтарлықтай көмек, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасы бойынша шағын несие алушылар арасындағы әйелдердің үлесі 40 пайызды құрайтынын атап өтті. Кәсіпкер әйелдер саны тұрақты артып келеді. Жалпы, әйелдердің Қазақстанның ішкі жалпы өніміндегі үлесі 40 пайызға жуықтайды.

- Қазақстандық әйелдердің білім беру, медицина және мәдениеттің дамуындағы рөлі өте жоғары. «Қазақстан-2050» стратегиясының басты міндеті – ғасырдың ортасына қарай Қазақстанды әлемдегі ең дамыған және бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енгізу. Ол үшін бізде барлық жағдай бар. Бірқатар көрсеткіштер бойынша еліміз қазірдің өзінде сол тарихи мақсатқа қол жеткізе бастады. Мысалы, гендерлік теңдік деңгейі жөнінен жаһандық рейтингте 135 елдің ішінде Қазақстан 31-орын алады. Бұл – мемлекеттің осы жылдар ішінде жүргізілген табанды саясатының маңызды нәтижесі, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бүгінде мемлекеттік басқару саласында әйелдердің 55 пайыздан асатынына тоқталып өтті. Әлемде басқарушылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі орташа алғанда 21 пайызды құрайды.

– Құқық қорғау органдары қызметкерлерін аттестаттау қорытындысы бойынша әйелдердің ең үздік нәтиже көрсеткені үлгі етуге тұрарлық. Қазіргі әйелге бір мезгілде көп шаруаны – тұрмысты дөңгелетуді, бюджетті жоспарлауды, бала тәрбиелей отырып, сымбат-көркін сақтауды, ер-азаматтарды жігерлендіруді қатар атқаруға тура келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан соң кездесуге қатысушылар сөз алып, отбасы, әйел және бала мәселесіне қатысты тиімді мемлекеттік саясат үшін алғыстарын білдірді. 

Семей қаласы бойынша ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі бөлімнің аға жедел уәкілі Валентина Олешкевич өз сөзінде жыл өткен сайын ішкі істер органдарында полицей әйелдердің қызмет атқарып жүргенін айтты. Қазір олардың саны 10 мыңнан асады.

– Таяуда құқық қорғау органдарымен өткізген кеңесте Сіз қоғамымызда құқық бұзушылықтарға мүлде төзбеу үрдісі болуы тиістігін атап өттіңіз. Біз қылмысты ашу үшін барлығын жасаудамыз. Бірақ бүкіл халықтың белсенділігі керек. Азаматтарымыз куәгерлер қажет болғанда жәрдемдесуі қажет, - деді В.Олешкович. 

Қызылорда облысының Сунақата ауылдық округының әкімі Азия Қыстаубаева өзі басшылық ететін ауылда соңғы жылдары түрлі әлеуметтік нысандар салынғанын, әрбір үйге ауыз су тартылғанын айтты.

– Қазақстанда 260 әйел түрлі деңгейдегі әкім лауазымында жұмыс істейді. Бұл олардың жалпы санының 10 пайызын құрайды. Өз Жолдауыңызда сіз биыл ауыл әкімдерінің сайланбалылығы енгізілетінін айттыңыз. Бұл - іскер, белсенді әйелдерге өзін көрсету үшін жақсы мүмкіндік. Сайлаудан кейін әкім әйелдердің саны едәуір көбейеді деп сенемін, – деді А.Қыстаубаева.

Көп балалы ана Назымгүл Қуанған 2012 жылы өзінің бірден төрт бала дүниеге әкелгенін хабарлады.

– Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері төртем туғанын біліп, мүмкіндігінше көмек көрсетті. Алматыдан үш бөлмелі пәтер бөлінді. Барлық аналардың атынан Сізге шексіз ризашылық білдіремін, - деді Н.Қуанған.

Солтүстік Қазақстан облысы Еңбек мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі  Марина Венинг өз сөзінде Мемлекет басшысымен кездесуді көптен бері армандағанын айтты.

– Жыл өткен сайын мұғалімдердің мәртебесі мен жалақысы өсіп келеді. Осының бәрі еш нәрсеге алаңдамай, жас буынның тәрбиесімен айналысуға мүмкіндік береді. Барлық педагогтар қауымы атынан Сізге шынайы қамқорлық және қолдау үшін алғыс айтамын, - деді М.Венинг.

Актриса, тележүргізуші Ақбота Асқарбекова өз сөзінде бүгінде «Қазақфильм» киностудиясының екінші тынысы ашылғанын айтты.

- Кинематография тілімен айтсақ, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының сценарийі жастар үшін өте қызықты, маңызды болып саналады. Біз Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолында оны іске асыруға белсене қатысуға дайынбыз, - деді А.Асқарбекова.

«Даму» кәсіпкерлік даму қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қазақстандық әйелдер тумысынан бизнеске бейім болып келетінін атап өтті.

- «Даму» қорының қаржылық бағдарламаларына бүгінде бес мың кәсіпкер әйел қатысады. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының әрбір төртінші жобасының бастамашысы - әйелдер, - деді Л.Ибрагимова.  

ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасының офицері, капитан Жанар Хамзина бүгінде 4,5 мың әйел қызмет өтеп жүргенін айтты.

- Біз шекараның шалғай учаскелерінде ерлермен бірдей қызмет атқарамыз. 15 мыңнан астам әйел еліміздің шебінде қызмет атқарып жүрген өз ерлеріне сенімді тірек бола білуде, - деді Ж.Хамзина.      

«Транс Азия Констракшн» ЖШС құбыр дәнекерлеушілер базасының алтыншы дәрежелі дәнекерлеушісі Ғазиза Рысқұлова өндірісті кеңседегі жұмыстан артығырақ көргенін айтты. Тұрақты және жоғары еңбекақы арқасында оның ата-анасына көмектесуге және қолдап отыруға мүмкіндігі бар.  

Жиын соңында Мемлекет басшысы адамның және бүкіл қоғамның өміріндегі ең маңызды ұғымдар – Отан, Достық, Махаббат, Адалдық, Нәзіктік барлық тілдерде әдетте әйел болмысымен орайлас болып келетініне тоқталды. 

– Мен барлық уақытта әйелдер бір ғана нәрсені – махаббатты, бейбітшілік пен отбасы бақытын қалайтынын айтсам, үлкен құпияны аша қоймаспын. Осынау көктем күнінде мен сөзімді барша қазақстандық әйелдерге арнаймын. Сіздер – Қазақстандағы татулық пен келісімнің тірегісіздер. Сіздер – ұлттық үрдістеріміздің ұйтқысысыздар. Әрдайым шаңырақтарыңыздың жанған оты өшпесін. 1 наурызда мен Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісін жаңа мереке – Отбасы күні ретінде бекіту туралы Жарлыққа қол қойдым. Біз отбасы құндылығын нығайтуымыз керек, өйткені мемлекет содан басталады. Бұл – отбасыларымызды ұйыстыра түсетін тағы бір маңызды қадам, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар кездесуде Мемлекет басшысы көп балалы ана Самал Мақатованы «Алтын алқамен» марапаттады, барша қазақстандық ханымдарға махаббат, татулық, келісім, өсіп-өркендеу тіледі және  қатысушылардың барлығына қолдау білдірген жылы лебіздері үшін алғыс айтты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің