National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары Мемлекетаралық Кеңесінің төртінші отырысы

2014 жылғы 07 қараша

 

Отырыс барысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты әрі қарай тереңдету мен кеңейту міндеттерінің ауқымы анықталды. Сондай-ақ екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын пысықтау мәселелері де қозғалды.

Қазақстан Президенті Кеңес жұмысының 7 жылы ішінде оның маңызды шешімдер қабылдауға септігін тигізетін жоғарғы орган ретінде белсенділік көрсеткенін атап өтті.

– Қазақстан мен Қырғызстан түрлі халықаралық ұйымдарда, интеграциялық бірлестіктерде өзара іс-қимылды келісе отырып жүзеге асырады, сондай-ақ заманауи сын-қатерлерге, терроризм мен экстремизм қатерлеріне бірлесе қарсы тұрады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміздің арасындағы екіжақты сауда қатынастары өрлеу траекториясы бойынша дамып келе жатқанын айтты.

– Соңғы 2 жылда тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асып отыр. Өңірлік және әлемдік экономикадағы күрделі ахуалға қарамастан, биылғы жылдың 8 айында өсім 5,2%-ды құрады. Қырғызстан экспорттайтын бүкіл электр энергиясының шамамен 86%-ы, сүт өнімдерінің 90%-ы, көкөністер мен жеміс-жидектің 56%-ы Қазақстанға келеді. Қырғызстан импортындағы бидайға деген қажеттіліктің 100%-ы дерлік, ұнның 97%-ы, минералдық шикізаттың 70%-ы, органикалық емес химиялық заттардың 53%-ы Қазақстанның жеткізілімі арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл –ынтымақтастықтың айтуға тұрарлықтай көлемі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның бизнесі арқылы Қырғызстан экономикасына 1 млрд доллар салынды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі елдің арасындағы достық пен өзара түсіністікті, сондай-ақ қос халықтың бауырластығын нығайтуға қосқан үлесі үшін А.Атамбаев шетелдік көшбасшыларға арналған жоғары дәрежелі «Достық» орденімен марапатталғанын айтты.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің халқы көп жағынан жақын екенін және олардың парызы берік қарым-қатынастар орнату, сондай-ақ бұл баға жетпес мұраны келесі ұрпаққа жалғастыру болып саналатынына назар аударды.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Президенті көрсетілген қолдау мен түрлі мәселелердің шешіміне атсалысуға әзірлік үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді.

– Қырғызстан күрделі жағдайда тұр, елеулі энергетикалық проблемалар бар. Осы және басқа да көптеген мәселеде бізге көмек көрсетпек болып шешкеніңіз біздің жүрегіміз бен жадымызда әрдайым сақталады. Мұндай ықылас пен қолдауға бүкіл Қырғызстан халқы дән риза. Осы жылдар ішінде сіздің ел қандай секіріс жасағанын біз көріп отырмыз. Қазақстан ең жедел дамыған бес мемлекеттің, әлемдегі 50 ірі экономиканың қатарына кірді. Астанаға әр келген сайын далада осындай ғажайып қала бой көтергеніне таңданысым таусылар емес, – деді А.Атамбаев. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің