National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті

2015 жылғы 30 қыркүйек

 

Отырыс барысында «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатын іске асыру аясында әйелдер арасынан жоғары білікті мамандар даярлау мәселелері қаралды.

Инвестициялар және даму министрлігінің ақпараты бойынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысында 1,5 мың әйел жұмыс істеуде, бұл – осы жобада жұмыспен қамтылғандардың 10 пайызы.  Сондай-ақ шұғыла іспеттес 12 автожол жобасын («Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс», «Орталық-Батыс», т.б.) іске асыруға 20 мың әйел қатысады деп болжанып отыр, бұл көрсеткіш те осы жұмысқа тартылғандардың 10 пайызын құрайды.

Гүлшара Әбдіқалықова әйелдерді техникалық мамандықтарға оқытудың және олардың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына белсене қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі экономикаға қажетті жоғары білікті мамандар даярлау жобалары іске қосылғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар жиында өскелең ұрпақты жаңа қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің стратегиялық бағыттарының бірі болып саналатын балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту мәселелері талқыланды.

Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру бойынша Ақмола облысы әкімдігі тарапынан қабылданып жатқан шаралар да қаралды. Мемлекеттік хатшы отбасының, әйелдер мен балалардың мүдделерін қорғауға қатысты қоғамдағы өзекті әлеуметтік проблемаларды шешу мәселесінде әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың рөлін арттыру қажеттігін атап көрсетті.

Сондай-ақ отырыс барысында Ұлттық комиссия мүшесі Қ.Әбілдина әзірлеген «Балалардың ерте дамуы туралы» атты жоба таныстырылды. Жоба өскелең ұрпақтың бойында патриотизм сезімін қалыптастыруға және рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытуға бағытталған.

 «Бауыржан» қоғамдық қоры «Дара бала» жобасын таныстырды. Жоба мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытуға, инклюзивті білім беру ісіне жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.   

Талқылау қорытындысы бойынша Г.Әбдіқалықова қаралған мәселелерге қатысты орталық органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің