Жаңалықтар

27 қазан 2015
Қазақстан Президенті мен Жапония Премьер-министрі келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен брифинг өткізді

 

Елбасы екі ел делегациялары арасындағы келіссөздер достық пен өзара түсіністік негізінде өткенін айтты.  

Қазақстан Жапонияның Орталық Азиядағы дәстүрлі сауда-экономикалық ірі серіктесі болып саналады. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2014 жылы шамамен 2 миллиард долларға жетті. Биылғы бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 600 миллион доллар болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың көпқырлы екенін және ол бұдан әрі де жандана түсетінін айтты. 

Елдеріміздің бір-бірін өзара толықтырушы мүмкіндіктері ықпалдастық көкжиегін ұдайы кеңейтуге жол ашады. Бұлар атом энергетикасын, ауыл шаруашылығын, автомобиль құрастыру және жоғары технологиялар саласын қамтиды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, соның ішінде бірлескен кәсіпорындар құру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларына да назар аударды.

Бүгінде Қазақстанда  бірлескен 50 кәсіпорын тіркелген, құны 700 миллион доллардан асатын 6 бірлескен жоба іске асырылды. Дәл осы сома мөлшерінде тағы 10 жоба қарқынды ілгерілету кезеңінде тұр, – деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті жапон бизнесінің сирек металдарды барлау, атом энергетикасы, банк секторы, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және көлік салаларында ынтымақтастықты дамытуға әзір екендігін атап өтті. Жапон инвесторлары үшін елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық жобалар да жаңа мүмкіндіктер ашады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы екі елдің халықаралық аренада, оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, «Орталық Азия плюс Жапония» диалогы аясында жемісті ынтымақтасып отырғанын айтты.

Біздің елдеріміз халықаралық құқықты, БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын бұлжытпай ұстанатынын көрсетіп келеді. Күн тәртібіндегі халықаралық мәселелер жөніндегі, соның ішінде ядролық қарусыздану және таратпау ісіндегі Қазақстан мен Жапонияның ұстанымы бірдей, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жапония Премьер-министрі өз сөзінде Қазақстанның әлемдік істер саласында, әсіресе ядролық қару таратпау ісінде маңызды орын алып, өңір экономикасындағы көшбасы болып отырғанын атап өтті.

Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ауқымды ел болып саналады, және халықаралық аренада елеулі рөл атқарады. Қазақстан – Жапония үшін маңызды серіктес, – деді С.Абэ.

Жапония Премьер-министрі әсіресе атом өнеркәсібі, жоғары білікті кадрлар даярлау, сондай-ақ медицинаға жапондық диагностика жүйесін енгізу саласында сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейте түсу арқылы Қазақстандағы экономикалық реформаларды өз елінің алдағы уақытта да қолдайтынын атап өтті. Сонымен қатар С.Абэ Жапония Қазақстанмен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты да ілгерілетуге мүдделі екенін айтты.

***

Іс-шара барысында төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту және аясын кеңейту туралы бірлескен мәлімдеме;

– Қазақстан Республикасының Президенті мен Жапония Премьер-министрінің ядролық сынаққа жан-жақты тыйым салу туралы бірлескен мәлімдемесі;

– ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті мен Жапония Қауіпсіздік жөніндегі ұлттық қоғамдық комиссиясының Жапония қаржы барлау орталығының қылмыстық жолмен алынған табысты легализациялауға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастығы туралы хаттама. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар