National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Болашақ (Қазақстан Республикасы) – Серхетяка (Түрікменстан) теміржол өткелінің ашылу рәсіміне қатысты

2013 жылғы 11 мамыр

Болашақ стансасына келгеннен кейін мемлекет басшылары үшін Қазақстан мен Түрікменстан теміржол транзит-көлік әлеуетінің тұсаукесері өтті.

Бұл ретте «Өзен – Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы» учаскесін онлайн-іске қосу және Қазақстан астығын тиеген составтың Қостанай облысынан Болашақ стансасына қарай қозғалысы жүзеге асырылды.

Тұсаукесер рәсімі аяқталғаннан кейін екі елдің көшбасшылары Қазақстан мен Түрікменстанның теміржол компаниясы басшыларымен әңгімелесті.

Сондай-ақ, мемлекет басшылары вокзал маңындағы алаңға келіп, теміржолшылармен және өңірдің жұртшылық өкілдерімен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев өңір тұрғындарымен амандаса келе, Маңғыстау облысы еліміздің ең маңызды аймақтарының бірі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан, Түрікменстан және Иран аумағы арқылы өтетін Қазақстан-Түрікменстан «Өзен-Берекет-Горган» теміржол учаскесінің ашылуы Маңғыстаудың Каспий теңізіне және оңтүстік теңіздерге шығуын қамтамасыз ететін өңірге айналуына мүмкіндік беретінін атап көрсетті.

Одан кейін екі мемлекеттің шекарасында Нұрсұлтан Назарбаев пен Гурбангулы Бердімұхамедовтің қатысуымен «Алтын төсем» түйісуін қалау рәсімі өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде бұл трансұлттық нысанның тарихи мәні бар екеніне тоқталды.

- Ол Қазақстан мен Түрікменстан арасында тікелей теміржол қатынасын орнатады. Жаңа жол жүктің жеткізілу, соның ішінде транзиттеу, ал болашақта жолаушылар үшін жол қатынасы мерзімін қысқартады. Қазіргі жағдайда уақыт маңызды фактор болып саналады. Осы орайда, жүк айналымының мерзімін қысқарту айқын бәсекелестік басымдықты қамтамасыз етеді. Ол, өз кезегінде, іскерлік белсенділікті арттырып, нәтижесінде  біздің елдеріміздің әл-ауқатының өсуіне игі ықпал етеді. Бұған қоса, Қазақстан-Түрікменстан теміржолы – келешекте Парсы шығанағы аймағына шығуды қамтамасыз ететін теміржол дәлізінің негізгі бөлігі, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бұл жобаның негізі 2007 жылы қазанда қаланғанын еске салды.

- Сол кезде біз Түрікменстан және Иран Президенттерімен бірге «Өзен-Берекет-Горган» маршруты бойынша көлік магистралының құрылысы туралы декларацияға қол қойдық. 2009 жылы біз құрылысты бастадық. Қазіргі уақытта Қазақстан-Түрікменстан теміржол магистралының төсемі жөніндегі жұмыстар сәтті аяқталды. Келешекте біз іске қосқан маршрут Орталық Азия, Таяу Шығыс және Еуропа көлік желілерімен жалғастырады. Бұл идея декларацияға қол қойғанға дейін-ақ қарастырылған болатын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Мемлекет басшысы осы жылдар ішінде жобаның өзектілігі одан әрі арта түскенін атап өтті.

- Әлемдік сауданың, сондай-ақ өндіріс игіліктерінің Азияға қарай ойысуы, Азия нарығына қолжетімділіктің мәнін күшейтті. Бұл ретте Қазақстан мен Түрікменстанның экономикасы соңғы жылдары тұрақты өсімін көрсетті. Алайда Қазақстан мен Түрікменстан мұхитқа тікелей шыға алмайды. Жиналған өндірістік әлеует жаңа нарықты, күш салатын жаңа мүмкіндіктерді іздестіру міндетін қойып отыр, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы теміржол қатынасы тауар айналымы мен экономикалық өсімге ықпал ете отырып, біздің кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Маршруттың жалғасын табуы бұл мүмкіндіктерді күшейте түседі.

- Біріншіден, біздің мемлекеттеріміз арасындағы сауда қарқыны артатын болады. Бұл, ең алдымен, екі елдің шекара маңындағы іс жүзіндегі ынтымақтастыққа қатысты. Қазақстанның Маңғыстау облысы мен Түрікменстанның Балқан уәлаятының өзара ықпалдастығы барынша ұлғаяды деп сенемін. Екіншіден, біз Таяу Шығысқа, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияға бағытталған экспортты ұлғайта аламыз. Үшіншіден, солтүстік және оңтүстік бағыттағы тәрізді ондаған ел үшін қолайлы және экономикалық жағынан тиімді маршрут пайда болады. Ирандық достар жолдың өздері жақтағы бөлігін аяқтайды деп сенемін, сөйтіп, таяу уақытта біз Парсы шығанағына дейінгі барлық теміржол құрылысының аяқталуын мерекелейтін боламыз деп үміттенемін. Біз, өз кезегімізде, логистика саласында жаңа жұмыс орындарын ашып, транзиттік мемлекет ретінде артықшылыққа ие боламыз, - деді Мемлекет басшысы.  

Қазақстан Президенті жаңа теміржол көлік, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдар аясын ұлғайтуды қоса алғанда, Каспий маңы өңірінің дамуына қуатты серпіліс беретінін атап көрсетті.

- Осы орайда, магистраль біздің елдеріміз халықтарының әл-ауқатын арттыруға қосқан қомақты үлесі болып табылады. Экономикалық жағынан тікелей тиімді болумен қатар, теміржол тату көршілестік қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудың ұтымды тәсілі болып саналады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұл жобаны іске асыру екі ел экономикасының орнықтылығының көрсеткіші екендігіне тоқталды.

- Ол ең күрделі техникалық, инвестициялық және ұйымдастырушылық міндеттерді орындауға біздің күш-жігеріміз жететінін дәлелдейді. Бүгінде, көптеген мемлекет қаржы күйзелісін әлі күнге дейін бастан кешіп отырғанда, біз мұндай кең ауқымдағы көлік нысанын толық аяқталуына дейін жеткіздік, - деді Қазақстан Президенті.    

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев Гурбангулы Бердімұхамедовке жобаға белсене қолдау көрсеткені үшін тағы да ризашылығын білдірді. 

- Мен «Қазақстан-Түрікменстан» теміржол жобасын бастан-аяқ іске асыруға еңбек сіңірген барлығыңызға ерекше алғысымды айтамын. Сіздердің жасампаздық жұмыстарыңыз екі мемлекетті біріктірген жол салуларыңыз арқылы өз нәтижесін берді. Екі ел халқына бейбітшілік, бақ-береке және игілік тілеймін, - деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Орталық Азия елдері мен Каспий бассейнін Қара теңіз өңірімен, Кавказ маңы мемлекеттерімен біріктіруші жаңа экономикалық кеңістік іргетасының қалануы елдердің солтүстік Еуропаға одан әрі шығуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

- Біздің жобамыз келешекте Қытай, Үндістан және Азия-Тынық мұхит өңірлерінің елдері тәрізді жаһандық дамудың экономикалық орталығына алып шығатын шығыс бағытындағы көлік инфрақұрылымына қосылуды көздейді. Бұл геоэкономикалық көзқарас тұрғысынан анағұрлым ауқымды түрдегі ынтымақтастықтың құрылғанын, сондай-ақ біздің елдеріміз дамуының стратегиялық перспективасындағы жаңашылдық көзқарасты көрсетеді, - деді Түрікменстан Президенті.

Сондай-ақ,  Гурбангулы Бердімұхамедов құрылысшыларға, инженерлерге, жобалаушыларға және теміржол құрылысын салуға тікелей атсалысқандардың барлығына алғысын айтты.

- Мұндай жобаны жүзеге асыру шынайы достық, бауырластық және тату көршілік қарым-қатынастар байланыстырып отырған біздің елдерімізді экономикалық жағынан қуатты, тұрақты және болашағына сенімді мемлекет ретінде танытады. Жобаны жүзеге асыруда бір-бірімізге қолдау көрсету, тиянақтылық және екі елдің тиісті ведомстволарының үйлестірілген жұмысы шешуші факторға айналды. Қазақстан Президентіне бұл жобаны қолдағаны үшін, оның табысты іске асыру үшін барлық қажетті ресурстарды жұмылдырып, бағыттағаны үшін зор ризашылығымды білдіремін, - деді Түрікменстан Президенті.                 

Екі мемлекеттің көшбасшылары, сондай-ақ «Қазақстан-Түрікменстан» оптикалық-талшықты байланыс желісін іске қосты, ол «Қазақтелеком» АҚ желісі арқылы Түрікменстан, Ауғанстан және Иран желілеріне қосылуды ұйымдастыруға, сондай-ақ Түрікменстан үшін Ресей, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бағыттары бойынша транзит трафигіне мүмкіндік береді. 

Түрікмен жағына өткеннен кейін екі мемлекет басшылары Серхетяка стансасының салтанатты ашылуына қатысты, сондай-ақ «Берекет» теміржол торабының онлайн-ашылуын жүзеге асырды.

«Болашақ-Серхетяка» учаскесі келешекте Қазақстан, Түрікменстан және Иран елдерін байланыстыратын темір жол дәлізі бөлігі болып саналады. Қазіргі уақытта мемлекетаралық жобаның жүзеге асуы аяқталуға жақын.

Темір жолдың қазақстандық бөлігі – Өзен-Болашақ учаскесінің ұзындығы 146 шақырым. Жаңа темір жол желісі дамыған  инфрақұрылымы бар заманауи теміржол магистралы саналады. Жол бойында екі жаңа станса ашылып, бес жол айрығы іске қосылды.

Құрылыстың жалпы құны – 65 миллиард теңге, Қазақстанның қамтылуы  80 пайыз. Темір жол желісі пайдалануға берілген соң 800-ден астам қазақстандық жұмыс тауып қана қоймай, тұрғын үймен де қамтамасыз етілетін болады.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің