National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының тұсаукесер рәсіміне қатысты

2013 жылғы 04 шілде

Өз сөзінде Қазақстан Президенті жаңа спорт клубының тұсаукесері Елорда күні мерекесі қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті.

– Астана – Қазақстан дамуының шамшырағы. Еліміз тек экономикада ғана емес, спортта да зор жетістіктерге қол жеткізді. Бұған Лондон Олимпиадасында 7  алтын медаль, 205 елдің ішінен 12-ші орын алғанымыз дәлел. Біз бүгін спорттың барлық түрін жан-жақты дамытуға ден қойып отырмыз. Әсіресе, бұқаралық спортты, жалпы спорт индустриясын ілгерілету басты назарымызда. Бүгінгі шара – мемлекеттің осы салаға қамқорлығының айшықты айғағы, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев клубтың Қазақстан елордасымен аттас болуы бекер емес екенін атап өтті.

– Клуб – бас қаламызда үрдіске айналған саламатты өмір салтының символы. «Қазақстан-2050» стратегиясында мен табысты болашағымыздың негізі ұлт денсаулығы екенін атап айттым. «Астана» кәсіби спорт клубының құрылуы осы мақсатпен орайлас. Бұл жобамыз әлемнің жетекші сарапшыларынан қолдау тапты, – деді Қазақстан Президенті.  

Мемлекет басшысы «Астана» клубының қызметі барысында екі принципті міндетті шешу қажеттігіне де тоқталды.

– Біріншіден, Қазақстан әлемдік деңгейдегі спорттық державаға айналуға тиіс. Елімізде ең жоғары дәрежедегі жарыстарда ел намысын қорғайтын клубтар құрылды. Өз жеңістерімен Қазақстанның атын шығарған тамаша спортшылар шоғыры пайда болды. Бірақ біз онымен тоқтап қалмақ емеспіз. Ресурстарды жұмылдырып, спортты жоғары кәсіби негізде басқаруға көшуіміз қажет. Бұл – жаңа биіктерді бағындыру үшін баспалдақ. Біздің чемпиондарымыз да Қазақстанның жетістігі сияқты, Отанымыздың жаңа елордасы сияқты – Қазақстанның ұлттық бренді. Спорттағы табыстар елімізді танытып қана қоймай, әлемге бізді жақсы қырымыздан көрсетеді. Қазақстанды жеңімпаз ұлт ретінде білулері керек. Алматыда Қысқы Универсиаданы өткізгеннен кейін, біз оңтүстік астанада Қысқы Олимпиаданы өткізуге ұмтылғымыз келеді. Бұл үшін барлық жағдай жасалған және біз қолдауға ие боламыз деген үміттеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.   

Қазақстан Президенті қазіргі заманғы спортта биік жетістіктерге жету экономикамен қатар  жаhандық бәсекеге қабілеттіліктің де символы екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаңа клуб алдында тағы бір міндет – бұқаралық спортты дамыту міндеті түрғанына тоқталды.

– Қазір еліміздің барлық өңірінде балалардың спорт алаңдары мен спортпен шұғылдануға арналған өзге де нысандар салынып жатыр. Біз бұл жұмысты жалғастыратын боламыз. Ұлттың денсаулығы – біздің маңызды басымдығымыз. Отанымыздың талантты жастарын жүйелі негізді тәрбиелеп, өзіміздің жасөспірімдерді спортқа мейлінше көптеп тарту қажет. Бұл үшін ең заманауи және қолжетімді инфрақұрылым қажеттігі туындайды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл екі міндет бір-бірімен өте тығыз байланысты екенін атап өтті.

– Спорт жұлдыздарының тамаша ойын өрнегі және олардың жеңістері жарысқа деген рухты оятудың ең жақсы тәсілі болып саналады. Қазақстанның ұлдары мен қыздарын стадионға шақырып, олардың жаттығуға деген қызығушылығын оятып, жеңіске деген сенімін арттырудан артық ештеңе жоқ. Бұқаралық спорт өз кезегінде чемпиондар мен рекордшылар шығатын қолайлы ортаны қалыптастырады. Осылайша біз жарыс тұғырындағы орнымызды және қоғамымыздағы саламатты өмір салты дәстүрін қамтамасыз ету тетіктерін іске қосамыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті жаңа спорт клубы өзіне жүктелген осы игі миссияны орындап шығатынына сенімін білдірді.

– Клуб қазірдің өзінде әлемдік аренада өздерін танытқан командалардың басын біріктірді. Оған жоғары нәтижелерге қол жеткізген атлеттер мүше болды. Гегель айтқандай, «Егер күштілер бірігетін болса, онда олар жеңімпазға айналады». Спорттық менеджменттегі озық технологиялар әлеуетімізді арттыруға және шекарамыз аясын кеңейтуге ықпал ететініне сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Соңында Мемлекет басшысы жаңа клубтың атауы зор жауапкершілік жүктейтінін және ол өз табыстарымен елорданың, бүкіл еліміздің даңқын шығаруға тиіс екендігін атап өтті.

Іс-шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның үздік спорт клубтарын өз бренді аясына біріктірген «Астана» президенттік клубының Құрметті Президенті атағына ие болды. Ондай командалар арасында «Pro Team Astana» велокомандасы, баскетбол мен футбол клубтары, «Барыс» хоккей клубы, «Астана Дакар Тим», «Astana Arlans» боксшылары, су және ат спорты бойынша командалар, «Қазақстан барысы» ұлттық күресті дамыту жөніндегі бірегей жоба бар. «Астана» кәсіби клубының туы астында ауыр атлетика бойынша екі мәрте Олимпиада чемпионы Илья Ильин және мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының жүлдегері Денис Тен де бәсекеге түседі.

Сонымен бірге, тұсаукесер рәсімінің қатысушылары мен қонақтары қатарында Олимпиадалық ойындардың қазақстандық 30-дан астам жүлдегері, соның ішінде Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Геннадий Головкин, Асхат Житкеев және т.б. болды.     


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің