National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы IX форумының пленарлық сессиясына қатысты

2012 жылғы 19 қыркүйек

Форумның негізгі тақырыбы - екі елдің инновациялық ынтымақтастығы.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев қазақ-ресей байланыстарын дамытудың маңызды орталықтарының бірі болып саналатын бұл форумның қалада өткізілуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.

- Биыл біздің елдеріміз Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың 20 жылдығын атап өтуде. Бүгінде Қазақстан мен Ресей ұлттық экономика мен инновациялық дамуды жаңғыртуда ұқсас міндеттерді шешуде. Бұл ретте осы форумның тақырыбы - инновациялық ынтымақтастық – ерекше өзекті және өте маңызды, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті соңғы уақытта инновация мен жоғары технологияны дамыту саласында көп іс атқарылғанына тоқталды. Мысалы, тек өткен жылдар ішінде Қазақстанда сомасы 12 миллиард долларлық 440-тан астам жаңа өндіріс орны іске қосылды. Жалпы, құны 77 миллиард доллар болатын 700-ден аса индустриялық-инновациялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Биылғы форумның қорытындысы бойынша бірлескен жобалардың портфелі сомасы 2 миллиард долларды құрайтын тағы 27 келісіммен толыға түспек.

Мемлекет басшысы сондай-ақ біздің елдеріміз арасындағы индустриялық ынтымақтастық саласындағы серіктестік жаңа деңгейге шыққанын атап өтті. Өнеркәсіп кооперациясын тереңдету қажеттігі маңызды мәселе ретінде қарастырылды.

- Бірыңғай экономикалық кеңістікке біріге отырып, біз кәсіпорындар үшін кедергілерді алып тастадық. Енді тиімді өңіраралық индустриялық кластерді орнықтыру керек. Оған табысты мысалдың бірі – Шығыс Қазақстан облысында автомобиль өндірісінің құрылуы. Бұл ауқымды жобаға салынған инвестиция көлемі - 400 миллион доллар, жобалық қуаты – 5,7 миллиард доллар, - деді Қазақстан Президенті.  

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ келешекте ғарыш саласын дамытуда ынтымақтастық қажет екенін атап көрсетті.

- Байқоңыр екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда сапалы жаңа кезеңнің символына және халықаралық инновациялық брендке айналуы қажет, - деді Қазақстан Президенті.

Инновациялық кластерлерді дамыту қажеттігін атап өте отырып, Мемлекет басшысы Ресей компанияларын Алматыдағы инновациялық технологиялар паркінің жұмысына атсалысуға, аграрлық инновациялық орталықты қалыптастыруға, Курчатов ғылыми қалашығын құруға шақырды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Сколково инновациялық орталығы мен Астанадағы жаңа Халықаралық Университет арасында серіктестік байланыстарды орнатуды ұсынды.

- Еуропа елдерінің үлгісі бойынша технологиялық платформаларды дамыту, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу орталықтары мен бизнестің қатысуымен бірыңғай зерттеу жүйесін құру пайдалы. Ғылыми әзірлемелерді тиімді коммерциялау - өнеркәсіп өндірісінің бәсекеге қабілетінің негізі. Қазақстан мен Ресейдің бірлескен күш жұмсауымен болашақта толыққанды технологиялық және өндірістік альянс құратынымызға сенемін, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз сөзінде Ресей Президенті Владимир Путин өтіп жатқан форум тақырыбының өзекті екенін атап өтіп, бүгінде Қазақстан мен Ресей алдында экономикалық өсім көздерін әртараптандыру жөнінде ұқсас міндеттер тұрғанын айтты.

- Бүгінде Ресей Федерациясында мұндай 5 шекаралас форум өтті. Осындай шараның іс жүзінде қайтарымы әр жыл сайын артып келе жатқанын атап өту қажет. Біз инновациялық жұмысқа тек ірі компаниялар ғана емес, сонымен бірге шағын және орта бизнес өкілдері қосылады деп есептеп отырмыз. Мамандардың бағалауы бойынша әлемдік экономиканың дамуында шағын және орта бизнес кәсіпорындары барлық инновациялық өнімдер мен қызмет көрсетуде 30-35 пайызға жетеді, - деді Владимир Путин.

Ресей Президенті экономикалық дамудың жоғары қарқынын қамтамасыз ету екі мемлекет үшін басты міндет екенін және ғылыми техникалық мүмкіндіктерді, сондай-ақ екі елдің инвестициялық әлеуетін арттыру  қажеттілігін атап өтті.

- Өңіраралық жоғары технологиялық ынтымақтастықты дамыту үшін жақсы база құрылды. Ресей Федерациясының 76 субъектісі қазақстандық серіктестіктермен іскерлік байланыс орнатты. Мәскеу қаласы, Мәскеу, Новосібір, Орынбор, Қорған, Челябі облыстары, Алтай және Краснояр өлкесі, Татарстан, Башқұртстан және Хакасия тәрізді өңірлер анағұрлым белсенді жұмыс жүргізуде, - деді Ресей Президенті.

Владимир Путин сондай-ақ машина жасау саласына ғылыми технологияны енгізу басымдық болып саналатынына тоқталды.

- Біз таяу жылдарда Қазақстанда толық циклды автомобиль зауытын ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, біз азаматтық тікұшақтарды құрастыру жөнінде бірлескен кәсіпорындарды ұйымдастыруға мүдделіміз. Бүгін Ресей-Қазақстан қоры жұмыс жасайды. Бұл маңызды жоба және оны іске асыру біздің елдеріміз арасындағы өнеркәсіп кооперациясының ауқымын және сапасын арттыруға көмектеседі, - деді Владимир Путин.

Шекаралас өңіраралық форумның қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтасты тереңдетуге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қою көзделген.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің