Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

30 қыркүйек 2011
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік стипендиаттармен кездесті.

Қазақстандық жоғары оқу орындарының магистранттары Диляра Копытина, Диана Бұрлыбаева, Наркес Оразбаева, Жадыра Ақылова, Александр Логвиненко, Нартай Бекмолдинов, Альфия Игесинова, Динара Асқарқызы, Бауыржан Әбдіқадыров, Ольга Кряжевских Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаттары атанды.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы мемлекет бүгінде Қазақстанның талантты жастарына жан-жақты көмек көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Гранттар белгіленген, білім беру несиелері бөлінуде, жастар «Болашақ» стипендиясы бойынша әлемнің барлық елдерінде білім алуда, жаңа университеттер ашылуда.

- Мен біздің еліміз келешегіміз үшін бәрін жасап отырғанын сендердің түсінгендеріңді қалаймын. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы – ол Қазақстан тұңғыш рет өз алдына жеке мемлекет ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы тәрізді халықаралық ұйымдардың тәуелсіз мүшесі болып отырған кезде, біздің еліміздің, біздің халқымыздың тарихындағы орасан оқиға. Өздерің білесіңдер, таяуда мен БҰҰ-ның мінберінен сөз сөйлеп, әлемдік үдерістер туралы өз пікірімді айттым. Ең бастысы, біз осы уақыт ішінде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқанын және бұл мемлекет өз халқының игілігі үшін қызмет ететінін дәлелдедік. Өзімізде бардың бәрін біз қазақстандықтардың игілігіне жұмсаймыз, - деп атап өтті Президент.

Қазақстан Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі ел өміріндегі нөлден басталған үлкен қиындықтады, экономиканың құлдырауын, адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы күрделі дағдарысты және 2008-2010 жылдардағы қаржы-экономикалық дағдарысты табысты еңсерді. Бұл дағдарыс әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Еуропада оның салдарлары сақталуда. Еңбекақы мен әлеуметтік шығыстар қысқаруда. Қазір Греция тәрізді кейбір елдер дефолт жағдайында тұр. Өзге елдер де қиыншылықты бастан кешуде. Алайда қор жинау мүмкіндіктерінің нәтижесінде Қазақстан бұл дағдарысты еңсере алды.

Мемлекет басшысы бүгінде күллі әлем индустриалық кезеңнен кейінгі даму жолына түскенін атап өтті. Өмірдің мүлде жаңа тәртібі орнығуда. Жер қойнауындағы байлыққа қарап отырып қалмай, жаңа ғылыми-техникалық прогреске негізделген жаңа экономика қажет.

- Мемлекет қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы нақты осыған бағытталған. Біз 550 зауыт тұрғызамыз, 20 мың жұмыс орнын ашамыз, тіпті таяу жылдар ішінде, біз одан әрі дамитын боламыз. Жер қойнауындағы байлықтар, мұнай мен газ, металл бір кезде таусылады, қайтып қалпына келмейді, ал енді екінші экономиканы құру қажет, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы индустрияландыру, инновацияны ендіру мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтумен бірдей екенін атап көрсетті. Сондықтан ғылымның тиімділігі және барлық экономиканы инновациялық жолға қою ең басты мәселе саналады.

- Қазақстан алдында өте күрделі міндеттер тұр. Осының алдындағы және осы ғасырдағы 50 жыл экономикалық-индустриялық ренессанс болды. Әлемнің бірқатар елдері барлық салада жаңа серпіліс жасады, ал тек жаңа технология мен ғылыми жетістіктерді пайдаланған елдер ғана жаһандану көшбасшылары болды. Біз мұндай проблемаға енді ғана нақты қадам бастық. Индустриялық-инновациялық дамудың басты мақсаты – ол біздің тәуелсіздігімізді, мемлекеттігімізді нығайту. Бұл тәуелсіздіктің екінші жағы. Мәселе мемлекеттің келешекте бәскелестікке қабілетті ел болып, адамдардың өмірін жақсартатын елге айналуы немесе бұл істі атқара алмайтыны туралы болып тұр. Міне, индустрияландыру мен инновацияның кілті - осында. Сондықтан да мен 100 инновацияны ұсындым, - деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан үшін ең басты инновациялық бағыттар азық-түлікпен қамтамасыз ету, энергетика саласы, биология, медицина мен қаржы-экономикалық салалар болып табылатынын атап өтті.

- Ғалымдар мен педагогтерді даярлауға тағы да бір серпін беру үшін мен Ұлттық Ғылым Академиясының мүшесі, академик ретіндегі өзімнің стипендиямды еліміздің ең үздік магистранттарына беріп отырмын. Бұл зерттеулер мен өмір сүру деңгейін көтеруге қаржылай көмек қана емес, сонымен бірге бұл мемлекеттің ерекше қамқорлығы, біздің әлеуетімізді мойындаушылық. Сендер өз өмірлеріңде мұндай жетістікке бірінші рет жетіп отырсыңдар. Конкурстық комиссия 7000 үміткердің арасынан сендерді таңдап алды. Әрқайсыларың өздеріңді талантты магистр ретінде көрсетіп, өздеріңнің нақты жетістіктеріңді дәлелдеп шықтыңдар. Сондықтан осындай құқыққа ие болып отырсыңдар. Сондықтан алдарыңа биік мақсаттар қоюды жалғастырып әрі оған қол жеткізіңдер. Біз сендерге, біздің еліміздің барлық талантты жастарына мақсатты түрде көмектесетін боламыз, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Президент стипендиатының иегерлері Нұрсұлтан Назарбаевқа өздерінің ғылыми жұмыстары Қазақстанға пайда әкелетініне зор сенім білдіргені үшін алғыс айтты.

Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясы барлық оқу кезеңінде үздік оқуымен көрінген, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын және оқу орындарындағы қоғамдық өмірге белсене араласатын жоғары оқу орындарының магистранттарына тағайындалады. Ұлттық жоғары оқу орындарына стипендия тағайындау ережесіне сәйкес ғылыми кеңестердің шешімі негізінде 2011-2012 жылдардағы оқу жылына арналған стипендияны тағайындау үшін конкурсқа 19 үміткер ұсынылды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің республикалық конкурстық комиссиясы ғылыми зерттеулердегі жоғары жетістіктері, жетекші журналдардағы ғылыми жарияланымдары, үздік оқуы мен белсенді қоғамдық қызметтері үшін ұлттық жоғары оқу орындарының 10 үздік магистрантын таңдап алды.

Президент сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар