Жаңалықтар

18 сәуір 2011
Бүгін Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» атты күн тәртібімен Ассамблеяның XVII сессиясы болып өтті.

001

002

003

Сессия жұмысына республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялар басшылары, діни бірлестіктер, дипломатиялық қызметтер, ғылыми және шығармашылық қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессия жұмысын аша отырып сөйлеген сөзінде, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясы алғаш рет 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында өтіп отырғанын атап өтті. Биыл 1 мамыр жаңа форматта алғаш рет атап өтілетін болады. Мұндай тапсырманы Президент өткен жылы, Тәуелсіздік күнін мерекелеу кезінде берген еді. Қазақстан бойынша жұртшылықтың мерекелік шерулері, патриоттық акция өткізіледі. 1 мамыр - Көктем мерекесі елдегі барлық этносты бір-бірімен етене жақындастыра түсуі керек. Бұл - ортақ үйіміз – туған Қазақстан құрылғалы бергі 20 жыл ішіндегі басты мерекенің бірі.

- Таяуда елімізде кезектен тыс президент сайлауы табысты өтті. Ол ұлттық бірлігіміздің триумфіне айналды. Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарды. Еске алатын болсақ, ҚХА-ның өткен сессиясында алғаш рет Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы бастама қозғалған болатын. Менің сайлау штабымда ҚХА-ның мыңға жуық өкілдері және өңірлік ассамблея, іс жүзінде барлық этномәдени бірлестіктер жұмыс істеді. Мен біздің ортақ тағдырлы жеңісімізге қосқан зор үлесі үшін барлығына алғысымды айтамын! – деді Мемлекет басшысы.

Сайлаудың нәтижесі – бұл Тәуесліз Қазақстанның 20 жылының заңды қорытындысы. Тәуелсіздіктің 20 жылының тарихы – бұл тұрақтылықтың, Қазақстан халқының достығы мен келісімінің тарихы. Бұл жылдар ішінде этникааралық және конфессияаралық теңдіктің тиімді құқықтық базасы құрылды. Оны сенім еркіндігі, тілдер, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңдар құрайды. Өткен жылы Ұлттық бірлік доктринасының қабылдануы маңызды қадам болды. Конституциялық мәртебеге ие Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық бірліктің базалық институтына айналды. Оның құрамына 820-дан астам этномәдени бірлестік кіреді. Астанада, Бейбітшілік және келісім сарайында этномәдени орталықтар үшін барлық жағдай жасалған.

Барлық этнос өкілдері өздерінің ана тілі мен мәдениетін сақтаулары үшін барлық жағдай жасалды. Мысалы, 22 этностың ана тілі жеке пән ретінде 108 мектепте оқытылады, ал 88 мектепте өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде сабақ жүргізіледі. Еліміздің әр өңірінде 33 арнаулы мектепте балалар үш тілде: яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім алады.

Тек қана этникалық БАҚ-ты қолдауға және этникаралық қатынастарды жазып-көрсетуге 2005 жылдан қаржыландыру 4 есеге көбейді. Соңғы екі жылда ұлттық театрларға мемлекеттік қолдау көрсету көлемі 30 пайызға артып, 500 миллион теңгені құрады. 2010 жылы этномәдени бірлестіктерді қаржылық қолдау көлемі 100 миллион теңгені құрады.

- Біздің Тәуелсіздігіміздің тарихы – бұл барлық этностар достығының жылнамасы. Біздің елімізді өркендетуге Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этникалық топтардың өкілдері атсалысып келеді. Қазақстанның табысы әрдайым біздің шетелдік отандастарымыздың назарында. Бүгінде олардың көпшілігі өздерінің туған Отандарына оралуда. Олар тек осында ғана өздерінің әлеуетін іске асырып, өздері дүниеге келген еліне пайда әкелетіндіктерін түсінеді, - деп атап өтті Президент.

Тек соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанға кезінде түрлі себептермен өзге елдерге қоныс аударған он мыңға жуық отандастырымыз оралды. Олардың арасында 44 мыңнан астамы – орыстар, 5 мыңнан астамы – немістер.

- Мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің жұмысына қатысқан біздің заманымыздың көрнекті рухани қайраткерлермен әлденеше рет сөйлестім, Олар бірауыздан Қазақстан мұсылмандар, православтар, католиктер, протестанттар, буддистер, иудеистер бейбіт өмір сүріп жатқан әлеидегі жалғыз ел екенін айтады. Біз достықтың бірегей үлгісін құрдық және оны сыртқы қауіп-қатерден сақтауымыз керек, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қазақстан – әлемге озық интеграциялық бастамалар үздіксіз таралып жататын бірегей ел, осында саммиттер мен кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Бүгінде елде ұлтына бөлместен азаматтар құқығы тең қамтамасыз етілетініне қазақстандықтардың 85 пайызы сенімді. Халықтың 75 пайызы Қазақстанда өздерінің ана тілі мен мәдениетін сақтау үшін түрлі этностарға барлық жағдай жасалғанын атап өткен.

- Еліміздің әр өңірінде болған кездесулерде қазақстандықтар, әсіресе жастар маған «еліміз үшін не істеуге болады?» деген сұрақты жиі қояды. Мен оларға әрдайым: біздің ортақ үйімізде бейбітшлік пен келісімді сақтаңыздар, бір-біріңді құрметтеңдер, төзімді болыңдар, өзара түсіністікті нығайтыңдар, білім алыңдар, Отанның игілігі үшін адал еңбек етіңдер, деп жауап беремін. Ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнен артық еш нәрсе жоқ. Бұл мемлекеттің және бәріміздің күнделікті саясатымыз бен практикамыздың нәтижесі, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігіне назар аударды. Бүгінде бүкіл Қазақстан халқы жаңғырту, болашақтағы инновациялық индустриаландыру және технологиялық серпіліс идеясының айналасына топтасқан. Қазақстанның этномәдени орталықтары осы идеяға белсенді түрде атсалысулары қажет. Ассамблеяның жұмысын үнемі жетілдіру қажет. Ассамблея елді дамытудың негізгі мәселелері жөніндегі шешімдерді әзірлеу үшін азаматтық қоғамның күшін жетекші топтастырушы мәртебесін нығайтуы қажет. Этникааралық және конфессияаралық қатынастардың барлық аспектілерін зерттеудің мықты орталығын құру керек. Барлық этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне көмектесу басым бағыттың бірі болып қала береді. Мәдени-ақпараттық сала арқылы төзімділікке тәрбиелеу жөніндегі жұмысты күшейту керек.

- Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеу аясында Ассамблея менің тапсырмам бойынша ауқымды бағдарлама әзірледі. Мамыр айы «Бірлік» ұранымен өтеді, ал жылдың соңғы жұлдызды жиырма күні «Келісім» ұранымен өтетін болады. Сонымен қатар, әлеуметтік жаңғырту мәселесі Ассамблеяның назарында болуы тиіс, - деп қадап айтты Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауы әрдайым тағдырлы шешімдердің табысты негізі болғандығын атап өтті. Атап айтқанда, Конституция, «Қазақстан-2030» Стратегиясы, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру стратегиясы, 2020-стратегиялық жоспары қабылданғанда да солай болған.

- Бүгінгі сессия Қазақстан халқы Ассамблеясы, барлық этномәдени орталықтар жемісті жұмыс істеп жатқанын тағы да көрсетті. Сіздер еліміздің тұрақты дамуына, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып келесіздер. Мен сіздерге игілік, біздің халқымыздың бірлігін нығайтудағы істе табыстар, бақыт, бейбітшілік және әр жанұяға береке тілеймін! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сессияда сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты В.Вишниченко, «Вайнах» шешен және ингуштер мәдениетін дамыту орталығы қауымдастығы» теңтөрағасы, ШҚО Зыряновск қаласындағы достық үйінің әдіскері Л.Самбаева, «Жанубий Козогистон» газетінің бас редакторының орынбасары И.Хашимжанов, «Алтынай» шаруа қожалығының бригадирі А.Руш, Алматыдағы «Луйс» армян мәдени орталығының төрағасының орынбасары Н.Микаелян, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Н.Айтов, Орал қаласындағы «Орыс мәдени орталығы» ашық қоғамының төрағасы С.Погодин сөз сөйледі.

Сөз алғандар Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудегі рөлін атап өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған міндеттерге қолдау білдірді.

Мемлекет басшысына Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық наградасы «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» атын медалі» табыс етілді.

- Қазақстандықтар 3 сәуірде көрсеткен қолдауынан артық қандай награда болуы мүмкін. Президент үшін ол жоғары награда. Саясаткерлер өмірі күрделі әрі өзгеше болып келеді. Бақытты саясаткер – ол, өз халқы үшін реформа ойлап тапқан, бағдарлама жасаған, адамдар үшін жасаған өз ісінің өз халқынан қолдау тапқанын және жемісін көрген адам, - деді Президент.

Қазақстан халқы Ассамблеясы ХVІІ сессиясына қатысушылар Н.Ә.Назарбаевты сайлаудағы жарқын жеңісімен құттықтаған және барша азаматтарды «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдаудағы міндеттерді орындау мақсатында жұмылуға шақырған үндеу қабылдады.

- Біз ХVІІ сессия жұмысын аяқ­тап келеміз. Барлық сөйленген сөздерде 3 сәуірде болып өткен пре­зиденттік сайлаудағы біздің ортақ жеңісімізге орай менің атыма өте жарқын, шын жүректен құттықтау сөздері айтылды. Тағы да сіздерге шынайы ризашылық білдіріп,  мықты денсаулық, әр үйге игілік тілеймін. Бұл жыл – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы – ерекше жыл. Әр жылы бізде үлкен оқиғалар болып жатады, біз әлем назар аударған орталыққа айнал­дық. Осында әлемдік кездесулер, форумдар, кеңестер өтеді. Және бұл тамаша жәйт, өйткені әркез өзімізді көрсетудеміз. Меймандар бізден досымыз болып аттанады, олар Астанаға, Қазақстанға, біздің қо­нақжайлылығымызға таңданыс біл­­діреді, адамдармен сөйлеседі, Қа­­зақ­­стан­ның қандай болып келе жат­­қанын көреді. Олар таңданады, таң­­қалады, үйренгілері келеді, өз­деріне оралған соң осындағыны қай­талағылары келеді. Бірақ, неге екені белгісіз, қайталай алмайды. Өйткені, біздер, қазақстандықтар – ерекше шығармыз. Өйткені, біздің жеріміз – өз тарихында көпті көрген Ұлы дала. Мұнда көптеген оқиғалар өткен, миллиондаған адам Ұлы Жібек жолымен шы­ғыс­тан батысқа, батыстан шы­ғысқа сапар шеккен. Мұнда барлық діндер тоғысқан. Күні бүгінге дейін жыл санау басталғанға дейінгі уа­қыттардан жәдігерлер табуда­мыз. Мұны бірінші кезекте толерант­ты­лық, төзімділік, сезімталдық құй­масымен қазақ халқы жасады. Ал сосын тарих біздің барлығымызды әлемнің әр қиырынан жинады және бұған ешкім де кінәлі емес. Біз бір ұлт болдық. Мен мемлекеттік қазақ тілі ту­ралы айтқанда, ол үстемдік құр­сын демеймін. Ешқандай жағдай­да да. Ешбір халық екіншісіне үс­темдік құрмауы тиіс. Ешбір тіл бас­қ­асына үстемдік етпеуі тиіс. Мен, мәселен, Құрама Штаттар өзін Америка, ал барлық тұрғын­дары өз­дерін америкалықтар деп атайтыны тура­лы айтып тұрмын. Тіпті, онда ұлт­тар біздегіден көп болса да. Онда әлемнің әр шал­ғайынан келген мигранттар бас­ым. Бірақ олардың бә­рін ағылшын тілі біріктіріп отыр. Олардың бәрі ағылшын тілді. Францияда жүздеген этностар тұрса, оларды француз тілі біріктіреді. Мен осыған ұмтыламын. Бізді, болашақта біздің балалары­мыз­ды барлық этностардың мәдениеті мен тілдері сақтала отырып,  тіл тұтастырсын деймін. Біз мың жыл алдымызды болжай алмаймыз. Неге біздің бәріміздің ағылшын тілін үйренгіміз келеді? Себебі, бұл тілде технология, ғылым, ақпараттық ресурстар сөйлейді. Егер осының барлығы орыс тілінде құрылған болса, онда барлығы да орыс тілін үйренгілері келер еді. Егер біз әлемде жоқ бір нәрсені қазақ тілінде жасап шығарсақ, барлығы қазақ тілін білуге ұмтылар еді. Бұл жарық дүниеде 100, 200, 1000 жылдан кейін не үстемдік ететінін біз білмейміз. Бірақ біз қазір тілі мен мәдениетін сақ­тағысы келетін біздің халқымыз­дың, біздің адамдарымыздың, біз­дің этностарымыздың қалау-тілек­терін басшылыққа аламыз. Сіздер мұны түсінесіздер, сіздер мұны сезінесіздер, қолдайсыздар, мен сіздерге ризамын. Бізде, Қазақстанда бәрі – ұлан-ғайыр жер, мол ресурстар бар, біз 100 пайыз сауат­ты­мыз. Бізде өсіп-өркендеу мен бо­ла­шақ үшін бәрі бар. Көпшілік қазір азық-түлік дағдарысы тура­лы айтады, ал біз әлемге жаңа аумақтар, жаңа егіндіктер игеріп, қосымша азық-түлік ұсына ала­мыз. Тек бізге инвестициялар ғана қажет. Біздің қолымыздан бәрі келеді. Бірақ бұл үшін бірлік, өзара түсіністік керек. Егер біз Ассамблея айналысып келе жатқан қо­ға­мымыздағы бірлікті, бауырлас­тық­­ты, тыныштықты, толерант­ты­лық­­ты, тұрақтылықты сақтайтын бол­­сақ, Қазақстан алмайтын асу жоқ. Және мен мұны әр қазақ­стан­дық отбасына тілеймін. Барлығы­мыз­дың денсаулы­ғы­мыз зор болсын! – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің қорытынды сөзінде.

Президент сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессиясына қатысушылардың үндеуін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар