Жаңалықтар

1 қараша 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Въетнам Социалистік Республикасына ресми сапары аясында Ханой қаласындағы Въетнам мемлекеттік университетінде болды.
01.jpg-1

ВМУ-нің президенті Май Тронг Нхуан атап өткендей, Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары – Въетнам мен Қазақстан халықтарының арасындағы көпжылдық достықтың үлкен куәсі.

- 2009 жылы қол қойылған білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бірлескен ғылыми-ағартушылық жобаларды іске асыру үшін негіз қалады, - деді Май Тронг Нхуан.

Въетнам мемлекеттік университетінің президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Въетнам мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры дәрежесін тапсырды.

Мемлекет басшысы университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен  студенттер алдында оқыған дәрісінде тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде қол жеткізген табыстар мен Қазақстан дамуының ұзақ мерзімді басымдықтары туралы айтты. Әңгіме Семей полигонын жабу және ядролық қарудан өз еркімен бас тарту, Астана құрылысы мен «2030-Стратегиясы», халықаралық бастамалар мен этносаралық келісімнің бірегей тәжірибесі туралы болды.

- Біздің мемлекеттердегі орнықтылық пен саяси жүйенің тұрақтылығы біз алға қойған индустриялық-инновациялық дамудың ауқымды міндеттерін шешудің маңызды шарты болып табылады, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қазақстандық білім жүйесін дамыту мәселелері, ғылыми және инновациялық қызмет, Назарбаев университетінің жұмысы туралы жан-жақты тоқталды. 2010 жылы еліміз Еуропалық мәдениет конвенциясы мен Болон процесіне қосылғаны атап өтілді. Қазақстан білім саласындағы, соның ішінде Въетнаммен студенттер мен оқытушылар алмасу арқылы, халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту ниетін көздейді.

Студенттерге арнаған сөзінде, Нұрсұлтан Назарбаев қазақстан-въетнам ынтымақтастығының болашағы жас ұрпақтарға байланысты екенін атап өтті.

- Ортақ құндылықтарды одан әрі қалыптастыру, біздің халықтарымыз арасындағы достық, сенім мен өзара қолдау дәстүрлерін нығайту Сіздердің алдарыңызда тұрған міндет, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Өз сөзін аяқтағаннан кейін Мемлекет басшысы Въетнам мемлекеттік университетінің Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар