Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

30 қыркүйек 2015
Америка Құрама Штаттарына сапар қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг

 

Қазақстан Президенті  бұл сапары БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның шақыруымен мерейтойлық сессияға қатысу үшін жасалғанын атап өтті.

Мен Бас ассамблеяның жалпы дебатында еліміздің жаһандық саяси және экономикалық мәселелерге қатысты көзқарасын ортаға салдым. Сонымен қатар тағы екі саммитке – 2015 жылдан кейінгі даму кезеңінің күн тәртібін қабылдау жөніндегі және зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге қарсы күрес жөніндегі самиттерге қатыстым. Сондай-ақ бірқатар мемлекеттер мен үкіметтердің басшыларымен кездесудің мүмкіндігі туды. Мұның бәрі Қазақстан үшін маңызды, еліміздің пікірін жаһандық қоғамдастық естіді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өзі көтерген негізгі мәселелерге де тоқталды.

Бірінші кезекте, мен БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік кеңестерін Жаһандық даму кеңесіне айналдыруды ұсындым. Келесі мәселе – ядролық қаруды таратпау. Қазақстан бұл бағытта жетекші әрі белсенді рөл атқарады. Бұл ретте әлем қоғамдастығының қатысуымен ілгері жылжу керек, адамзат ХХІ ғасырда жаппай қырып-жою қаруынан бас тартуы тиіс. Экстремизмге қарсы іс-қимылға келсек, оны біздің ел де сезініп отыр, осындай кейбір топтардың қатарында Қазақстаннан тартылған жастар да бар. Жалпы, 2001 жылғы 11 қыркүйектен кейін болған бірліктің маңыздылығы атап өтілді. Мен сондай-ақ тиісінше қолдау болатынына үміттене отырып, қатысушылардың назарын Арал теңізінің, Семей полигонының проблемаларына аудардым, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, адамзат 2045 жылға қарай барлық негізгі мәселелерді, әсіресе қақтығыс ошақтарындағы проблемаларды шешуі тиіс.

Жер бетіндегі кедейшілік деңгейі өте жоғары, миллиардқа тарта халық тоя тамақ ішпейді, миллиондаған адам сауатсыз, балалар арасындағы өлім-жітім жыл сайын 40 миллионды құрайды. Бай елдер кедейлерге көмектесуі тиіс. Осыған байланысты мен барлық мемлекеттердің әскери шығыстарының 1 пайызын Мыңжылдық мақсаттарын жүзеге асыру ісіне бөлуді ұсындым, бұл зор көмек болар еді. Біздің еліміз көтерген барлық мәселелер тиісті қолдау тапты деп есептеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы БҰҰ штаб-пәтерін орналастыратын орын тағы бір тақырып ретінде қозғалғанын айтты.

1945 жылы Ұйымды Нью-Йоркке көшіру туралы шешім қабылданды. Содан бері 70 жыл өтті, әлем өзгерді. Бүгінде Азияның қарқынды дамуы байқалып отыр. Сондықтан БҰҰ қызметін жаңарту және жандандыру мақсатында оның штаб-пәтерін Азия құрлығына көшіру туралы ұсыныс айттым, – деді Қазақстан Президенті. 

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінен еліміздің мемлекеттік тілінде алғаш рет сөз сөйленгеніне тоқталды.

Менің мемлекеттік тілдегі сөзім, оның Ұйымдағы барлық ресми алты тілге ілеспе аударылуы да жақсы нышан болды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Б.Обамен келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланғанын айтты. Атап айтқанда, Қазақстанға АҚШ Мемлекеттік хатшысы Д.Керридің келуі жоспарлануда.

Б.Обамен барлық жеті жыл бойында өткен диалог жемісті болды. АҚШ біздің республикамыздың ДСҰ-ға кіруіне атсалысты, барлық бастамаларымызды әрдайым қолдап келеді. Қазақстанда 500-ге жуық америкалық компания жұмыс істейді, АҚШ-тың тікелей инвестицияларының көлемі 30 миллиард доллардың шамасында. Мен біздің еліміз өз талпыныстары мен экономикалық бағдарламалары АҚШ тарапынан қолдау табады деп сенетінін атап өттім, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сондай-ақ Ресей Президенті В.Путин мен АҚШ Президенті Б.Обаманың кездесуіне қанағаттанушылық білдірді. Бұл кездесу екі елдің арасындағы қарым-қатынастарды жолға қоюға септігін тигізеді.

Мемлекет басшысы Америка іскер топтарының ірі өкілдерімен болған кездесудің маңыздылығын айтты.

 «Бизнес капитандары» активтерінің жиынтық құны 10 триллион долларды құрайды. Кездесуді өткізген модератор айтқандай, мемлекет басшылары бұған дейін бизнесмендердің осыншалық көп құрамымен кездеспеген. Кездесу барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып, оларды «Нұрлы жол», ҮИИДБ сияқты бағдарламаларға қатысуға шақыруға мүмкіндік туды. Мен сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың, Еуропалық одақтың және Жібек жолы экономикалық белдеуінің күш-жігерін біріктіру бүкіл Еуразияның экономикалық дамуы үшін пайдалы болатынына да назар аудардым, – деді Қазақстан Президенті.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар