Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

15 қыркүйек 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаржы орталығы құрылысының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Алматы қаржы орталығының құрылысы үш кезең бойынша іске асырылатын болады.  Құрылыстың бірінші кезеңін – 2007 жылдың соңында, екінші кезеңін – 2008 жылдың соңында, үшінші кезеңін – 2009 жылдың соңында аяқтау жоспарланып отыр. Орталықта жалпы аумағы 1 миллион шаршы метрден асатын 30-ға тарта кеңсе ғимараттары салынады. Жобаның бас жоспарын Skidmore, Owings and Merrill (SOM) сәулет бюросының Нью-Йорк бөлімшесі жасап шығарған. Бұдан бұрын аталған компания Нью Йорктегі Freedom Tower, Лондондағы Canary Warf ғимараттарын, Пекин Қаржы орталығын, Сингапур Қаржы орталығын, Сеул Қаржы орталығын және Чикаго қаласындағы Sears Tower жобасын жасаған.

 
Сондай-ақ, Елбасы Алматы қаласының оңтүстік-батыс бөлігі құрылысының бас жоспарымен және Алматыдағы тұңғыш қазақстандық «MEGA Center Alma-Ata» моллы – сауда-ойын сауық кешені құрылысының барысымен танысты. Мегацентр ғимаратында гипермаркет, скалодром, мұз айдыны, боулинг, фудкорт ойын алаңдары бар ойын-сауық аймағы және кинотеатр орналасатын болады.

 

- Астана Қазақстанның елордасы болғаннан кейін де Алматының дамуы тоқтаған жоқ. Алматы әрқашан еліміздің ғылыми және мәдени орталығы болып қала бермек. Индустриалдық даму бағдарламасын әзірлеудің және жаңа қазіргі заманғы, озық технологиялар орталықтарын құрудың арқасында Алматы бүгінгі күні жоғары технологиялар орталығы ретінде де дамып отыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге арналған брифингте.

 
Мемлекет басшысы: «қалада жаңа бірегей ғимараттар салынуы қажет, бірақ та соған қарамастан ол өзінің қайталанбас келбетін сақтап қалуы тиіс», - деп атап өтті.

 
- Таулар бүкіл алматылықтар мен қала меймандарының көз алдында асқақтығымен айрықшаланып тұруы тиіс. Алматының әр құрылыс алаңын, әр бірегей ғимаратын мен өзім мұқият қарап, қуаттап отырамын. Бұл қала маған балалық шағымнан етене жақын және осы ғимараттар таулардың еңселі келбетін көлегейлемегенін қалаймын, - деп атап көрсетті Президент.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар