Жаңалықтар

11 қыркүйек 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІ съезіне қатысу үшін Астанаға келген делегациялар басшыларымен кездесті.

299.jpg

299.jpg

300.jpg

301.jpg

302.jpg

303.jpg

304.jpg

Қазақстан Республикасының Президенті Бүкілдүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы Абдалла бен Әбдел Мохсен Ат-Туркимен кездесті.


Кездесу кезінде алдағы өтетін форум мәселелері талқыланды.  
Қазақстан Республикасының Президенті Бүкілдүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы Абдалла бен Әбдел Мохсен Ат-Туркимен кездесті.  
- Біз Жоғары Мәртебелі Президент мырзамен съезд және жер бетіндегі бейбітшілік туралы әңгімелестік. Съезд түрлі діндер арасында өзара түсіністікті қалыптастырып, әлем елдерінің басшыларын бейбітшілік пен тұрақтылықты  сақтауға шақырады, - деді Бүкілдүниежүзілік Ислам лигасының лидері журналистерге арналған брифингте.


 




 



Үнділердің "Джамаат-е-Шабаб-е-Ислам" мұсылман ұйымының Президенті Салман Әл-Хусейн Әл-Надвиді қабылдады.  
- Мен Астанаға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысу үшін екінші рет келіп отырмын. Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу кезінде осы берекелі істі одан әрі жалғастыру жайын талқыладық. Қазіргі таңда әлем бейбітшілікке мұқтаж болып отыр. Жер бетіндегі бейбітшілікті сақтауға осы съезд өз үлесін қосады деп сенемін. Біз Қазақстан Президентіне осы ұлы бастама үшін алғыс білдіргіміз келеді, - деді Салман Әл-Хусейн Әл-Надви журналистерге арналған брифингте.

 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Съездің құрметті қонағы Корея Республикасы Ұлттық ассамблеясының депутаты Ким Вон Киді қабылдады.  
Кездесу кезінде Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Депутат Қазақстан басшысына Корея Республикасының Президенті Но Му Хеннің өз еліне ресми сапармен келуге шақыруын табыс етті.

 
- Қазақстанға сапарымның негізгі мақсаты - Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІ съезіне қатысу. Біз дінаралық және конфессияаралық келісім саясатын жүргізуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын толығымен қолдаймыз. Біз алдағы Съезге айрықша мән береміз және Қазақстан бастамасының жүзеге асуы үшін барлық күш-жігерімізді салатын боламыз. Халықаралық қоғамдастық Нұрсұлтан Назарбаевтың дінаралық келісім мен конфессияаралық диалогты айқындау жөніндегі бастамасын қолдайды, - деді Ким Вон Ки.

 
Ол сондай-ақ мұнай-химия өндірісі, ақпараттық технологиялар, атом энергетикасы салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың оң даму серпінін атап өтті.

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Христиандықтың ағылшындық шіркеуінің Кройдон  Епископы Николас Бэйнсті қабылдады.

 
- Мен Астанаға осыдан үш жыл бұрын келіп, алғашқы съезге қатысқан болатынмын және де үш жыл бұрын басталған процестің жалғасы болып табылатын екінші съездің дайындығымен айналысқан хатшылық жұмысына тартылдым. Біздің алдымызда осы Съезден кейін онда келіскен уағдаластықтарды жүзеге асыру жөнінде үлкен жұмыстарды атқару міндеті тұр, - деді Николас Бэйнс журналистерге арналған брифингте.

 
Форумға саяси лидерлердің қатысу мүмкіндігі туралы журналистердің сауалдарына жауап берген эпископ бұл Съезд форматының ерекшелігін атап өтті.

 
- Егер Съезге саяси лидерлер қатысатын болса, күн тәртібіне әсер ететін мүлдем басқа формат қалыптасады. Бізге бүгінгі күні нақ осы дін басыларының өзара диалогы қажет, - деді ол.

 

Қазақстан Президенті ЮНЕСКО-ның бас директоры Коичиро Мацуурамен кездесті.

 
- Бұл менің Қазақстанға екінші сапарым, бірінші сапарым 2001 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің және Семей ядролық полигонының жабылуының 10-жылдығын атап өту кезінде болған. Мен сол кезден бері Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы қарым-қатынастар үлкен өрлеуді бастан кешкенін атап көрсеткім келеді. Қазақстандағы ЮНЕСКО тұрақты даму жобасымен айналысады. Сондай-ақ мәдени мұраны сақтау және дамыту саласында үлкен табыстарға қол жетті. Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІ съезіне қатысуға шақыруы үшін зор ризашылығымды білдірдім. Бұл форум тек Қазақстан мен Орталық Азия өңірінде ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемдегі этникааралық және дінаралық диалогты  дамыту процесінің өзегі болып табылады, - деді К.Мацуура.   

Мемлекет басшысы сондай-ақ үндістандық «K.J Somaiya Trust» үкіметтік емес ұйымының вице-президенті Шантилал Карамши Сомайяны қабылдады.

 
- Біз 1997 жылдан бері христиандық-индуистік диалогты дамытумен айналысамыз. Батыстық түсінік бойынша айтар болсақ, сіздердің Президенттеріңізді елді алға жетелейтін жақсы менеджер деп атауға болады. Бүгінде дамудың аса биік қарқынын паш етіп отырған сіздердің жаңа елордаларыңыз Астанадағы өзгерістер мен үлкен жетістіктер соның бір айғағы. Нұрсұлтан Назарбаев – көптеген діни конфессиялары бар елде бейбітшілік пен үйлесімділікке қол жеткізе білген бірегей басшы. Біз үшін бұл көпконфессиялы қоғамда үйлесімділікке қол жеткізудің тамаша бір үлгісі, - деп атап өтті Шантилал Карамши Сомайя.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар