Жаңалықтар

25 қараша 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Ақорда алдындағы алаңда орнатылған еліміздің жаңа жылдық бас шыршаны жағу рәсіміне қатысты.
01

Астана тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінде Елбасы Ақорда алдындағы бас шыршаның шырағын жағу рәсімінің соңғы жылдары дәстүрге айналғанын атап өтті. «Осы сәтте байтақ еліміздің барлық өңірінде жасыл шырша шамдары жағылады», деді Елбасы.

Өтіп бара жатқан 2010 жыл қазақстандықтар үшін тұрақтылық пен сенімге толы жыл болды. Осы жылы еліміз жаңа табыстар мен жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ел экономикасы жоғары қарқын алды. Еліміз бойынша жаңа кәсіпорындар мен инновациялық өндірістер ашылуда. Қазақстанның халықаралық беделі артты. ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстан бірнеше күннен кейін әлемдік деңгейдегі форумды – Ұйымның 11 жыл өтпей келген Саммитін өткізеді. Қаңтардың аяғында Астана мен Алматыда VII қысқы Азия ойындары салтанатты түрде ашылады.

Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарға жаңа табыстар, зор денсаулық, бақыт пен аман-есендік тіледі.

Ақорда алдындағы алаңда орнатылған Қазақстанның бас шыршасының биіктігі 30 метр. Жаңа жылдық бас шырша 650 ойыншықпен және ұзындығы 700 метр жарықтандырғыш құралдарымен әшекейленген.

Бүгін бас шыршамен бір мезгілде Астананың әр жерінде орнатылған ондаған жаңа жылдық шыршалардың шамдары жағылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар