Жаңалықтар

12 қыркүйек 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасында жаңадан тағайындалған бірқатар шетел елшілерінен Сенім грамоталарын қабылдады.

Италия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Альберто Пиери, Эстон Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Яан Хейн, Словак Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Любомир Регак, Малайзияның Төтенше және өкілетті елшісі Ахмад Расиди бен Хазизи Президентке Сенім гармоталарын тапсырды.

Рәсім кезінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Төтенше және өкілетті елшілердің дипломатиялық миссияның басшысы ретінде қызметіне кірісулері Қазақстан үшін айрықша кезеңмен – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен орайлас келіп отырғанын атап өтті. Осы жылдар ішінде Қазақстан орнықты даму үшін мықты іргетас – заманауи нарықтық экономиканы, орнақты саяси жүйені, топтасқан азаматтық қоғамды қалады.

- Біздің еліміз – ядролық қарусыздану және оны таратпау саласында ауқымды халықаралық ынтымақтастықтың белсенді мүшесі, біз әлемдегі 180-нен астам мемлекетпен сыртқы саяси байланыс жасап келеміз. Біз жақында Семей ядролық полигонының жабылуының 20 жылдығын атап өттік. Азия мен Еуропаның түйіскен жеріне орналаса отырып, біздің еліміз халықтар мен өркениеттерді байланыстыратын достық пен өзара түсіністіктің көпірі қызметін атқара алады, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің артуына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы тәрізді беделді ұйымдарға табысты төрағалық етуі дәлел болады. Қазіргі уақытта біздің еліміз Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Мұсылман әлемі елдерімен қарым-қатынасты жандандыру Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының басымдықтарының бірі болып табылады.

Президент Малайзияны Оңтүстік Шығыс Азиядағы және жалпы алғанда, мұсылман әлеміндегі маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын атап көрсетті. Біздің елдеріміз арасындағы сенімді екіжақты байланыстар жоғары және биік деңгейде. Малайзия Премьер-Министрі Наджиб Разактың биылғы жылдың маусымында Астанаға сапары екіжақты қарым-қатынастарға қосымша серпін берді.

- Біз Малайзияның Ислам ынтымақтастық ұйымының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. ИЫҰ-ның аясындағы қазақстандық төрағалыққа Малайзияның қолдау көрсетуі біз үшін өте маңызды, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық Одақ елдері арасындағы біздің жетекші экономикалық серіктестеріміздің әрі ірі инвесторымыздың бірі – Италиямен ынтымақтастыққа Қазақстан үлкен мән беретінін атап өтті. Қазақстан мен Италия арасында ынтымақтастық пен оның келешек дамуының барлық бағыттарын қамтыған Стратегиялық серіктестік туралы шартқа қол қойылған.

- Екі ел арасында жоғары деңгейде жақсы диалог орныққан. Бұл кездесу біздің елдеріміз арасындағы ақ пейілді сенімнің дәлелі болып табылады, - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан Словак Республикасын Шығыс Еуропадағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Көлік, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, білім мен туризм салаларындағы ынтымақтастық үлкен әлеуетке ие екеніне тоқталды. Словак еліінің өнеркәсіпке озық технологияны енгізу, Қазақстандағы бірлескен кәсіпорындарға қолданудағы инновациялық даму тәжірибесі қызығушылық тудырады.

Президент Эстон Республикасы Қазақстанның Балтық аймағындағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі болып табылатынын атап көрсетті. Мемлекет басшысы биылғы жылдың сәуірінде қайта сайланғаннан кейінгі өзінің алғашқы шетелдік сапарын Эстонияға жасады. Қазақстан мен Эстония арасында жоғары деңгейде сенімді диалог орныққан, өзара іс-қимылдың негізгі басымдықтары айқындалған, келісімшарт-құқықтық база құрылған, Үкіметаралық комиссия және өзге де механизмдер жұмыс істейді.

- Осы сәтті пайдаланып эстон халқын мемлекеттің Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен, ал Президент Тоомас Ильвесті екінші мерзімге қайта сайлануымен құттықтаймын! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Төтенше және өкілетті елшілерді Астанада жауапты дипломатиялық қызметтерінің басталуымен құттықтап, олардың миссиясы табысты да өнімді болатынына, біздің мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастардың жан-жақты дамуына қызмет етенініне сенім білдірді.

Өз кезегінде, жаңадан тағайындалған елшілер Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ықыласты сөзі үшін алғыс білдіріп, өз елдерінің Қазақстанмен ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерлерін жұмсайтындықтарын айтты.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар