Жаңалықтар

31 қазан 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Теннис федерациясының Президенті, Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі Шамиль Тарпищевті қабылдады.

Бүгінгі таңда ресейлік теннисшілердің жетістіктері кеңінен танымал. Ресей Федерациясының ерлер де, әйелдер де құрамалары Дэвис кубогының иегерлері, яғни ресми емес әлем чемпиондары болып табылады. Сондай-ақ Ресей жасөспірімдер теннисі де әлемде алдыңғы орындарды иеленіп келеді. Спорттың осы түрінде ресейліктердің қол жеткізген табыстарына РФ Үкіметі қолдап отырған теннисті дамыту бағдарламасы септігін тигізіп отыр.


Мемлекет басшысы Қазақстанда мемлекет бұқаралық теннистің дамуына белсенді қолдау көрсететінін атап өтті. Еліміздің барлық облыстарында теннис ойнауға арналған ғимараттар салынып, ал Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ірі теннис орталықтары құрылатын болады.


Кездесу барысында Ресей Теннис федерациясының Қазақстанда спорттың осы түрінің дамуына қолдау көрсетуі жөнінде әңгіме болды. Бүгін Қазақстан мен Ресейдің теннис федерацияларының басшылары Болат Өтемұратов және Шамиль Тарпищев ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.


Шамиль Тарпищев Нұрсұлтан Назарбаевқа Дэвис кубогының қазіргі иегерлері қолдарын қойған Ресей құрама командасының фото-суреттерін тарту етті.


- Президент қазақстандық теннисшілерге әлемдік деңгейге көтеріліп, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін спортшыларды дайындау жүйесін құру міндетін қойды. Бұл үдерістегі басты мәселе – бұқаралық сипат алуы және балаларды спорттың осы түрімен айналысуға тарту. Мен Ресей құрамасының аға жаттықтырушысы ретінде Қазақстанда теннистің дамуы және оның осы елде тез арада спорттың жетекші түрлерінің біріне айналуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға әзірмін, - деді Тарпищев журналистерге арналған брифингте.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар