Жаңалықтар

3 қараша 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасында болды.
27.jpg

Қазақстан Президенті Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовпен кездесті. Екі мемлекет басшыларының бастамашылығымен Мемлекетаралық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы болып өтті. Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері кездесуі кезінде екіжақты қарым-қатынастардың кең ауқымды мәселелері мен өңірдегі ахуал жөнінде пікір алмасты. Екі ел басшылары өз ұстанымдарының жақындағы мен екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттілігі туралы атап өтті. Сондай-ақ ағымдағы жылдағы мемлекеттік сапарлар кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысы талқыланды.

 
– Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевты өзбек жерінде қарсы алғаныма шын ниеттен қуаныштымын. Бүгін Қазақстан басшысының Өзбекстанға жұмыс, бейресми сапары болды. Біз өте ашық және сенімге негізделген әңгіме жүргіздік. Біз бұдан былай да біздің халықтарға ынтымақтастықтың ең жоғары деңгейде нығайғандығын көрсету үшін осындай кездесулерді елордаларда ғана емес, сонымен бірге басқа қалаларда да өткізіп тұратын боламыз деп үміттенемін, – деді Ислам Каримов кездесу қорытындылары бойынша өткен баспасөз мәслихатында.

 
– Биылғы жылы біз мемлекеттік сапарлармен алмасқанымызды, олардың нәтижелері бойынша маңызды келісімдерге қол қойылып, Мемлекетаралық үйлестіру кеңесі құрылғанын сіздер білесіздер. Бүгін біз осы Кеңестің алғашқы мәжілісін өткіздік. Біздің екі жақты ынтымақтастығымыз нығайып, тауар айналымы үстіміздегі жылдың тек сегіз айында ғана 32%-ға өсті. Мұндай қарқынмен біз көп кешікпей алға қойған мақсатқа жетіп, екі жақты тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізетін боламыз. Біз өңірлік даму мәселелерін және тұтастай алғанда Орталық Азиядағы жағдайды талқыладық. ТМД мемлекеттері басшыларының Минскіде болатын алдағы кездесуі тұрғысынан біз Достастықты реформалау мәселесін қарастырдық. ТМД-ны міндетті түрде сақтап, оны барлық қатысушы елдер үшін тартымды ету керек. Барлық тараптар Ұйым аясындағы ынтымақтастыққа мүдделі болу үшін солай ету керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде.

 
Екі елдің президенттері Қазақстан пен Өзбекстанның үкіметтеріне сауда-экономикалық, әскери-техникалық ынтымақтастықты тереңдету және су ресурстарын пайдалану жөнінде тапсырмалар берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар