Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

29 қазан 2007
Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті.

Отырыста келесі мәселелер қаралды: сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік органдардың ағымдағы жылдың 9 айында атқарған жұмысы; қолданыстағы және жаңадан қабылданатын нормативтік құқықтық актілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізу сапасын арттыру; мемлекеттік органдар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызметіндегі қаржы тәртібін нығайту; мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа бейімділік деңгейін көрсететін бағалау жүйесін енгізу. Отырыста Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы С.Қалмырзаев, Әділет министрі З.Бәлиева және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы О.Өксікбаев баяндама жасады. Комиссия отырысына «Трансперенси Қазақстан» қоғамдық қорының атқарушы директоры С.Злотников қатысты.


Мемлекеттік хатшының пікірінше, нормативтік құқықтық актілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізудің жүйесін енгізу, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдалану үдерісіндегі қаржы тәртібін нығайту жөніндегі нақты шараларды қабылдау сыбайлас жемқорлықпен және құқық бұзушылықтармен күресті анағұрлым тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. «Заңнамалық және заң аясындағы актілерді дайындау кезінде орталық және жергілікті деңгейде сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына тосқауыл қою керек. Сонымен қатар, бюджеттік бағдарламаларды орындаушылардың бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсағаны, яғни халық қаржысын заңсыз пайдаланғандар үшін талапты күшейту қажет», - деп атап көрсетті Қ.Саудабаев.


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, Комиссия 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа бейімділік деңгейін көрсететін бағалау жүйесін енгізу жөнінде шешім қабылдады. Әлемдік тәжірибе негізінде дайындалған бұл жүйе қоғамдық қатынастардың әр деңгейіндегі сыбайлас жемқорлықтың көлемін анықтап, оған қарсы шараларды дер кезінде қолға алуға мүмкіндік береді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар