Жаңалықтар

14 желтоқсан 2005
Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Отан алдында сіңірген еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуда қосқан елеулі үлесі үшін республиканың бір топ азаматтарын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

Марапатталғандар қатарында кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар мен шаруа қожалықтарының басшылары, қаржы саласы, шағын және орта бизнес, өндірістік сала қызметкерлері, мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау салаларының қайраткерлері, қоғамдық бірлестіктер, ассоциациялар, үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери қызметшілер, еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметшілер бар.

«Отан» орденін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі З.Н. Шәріпова, кинорежиссер О.Әбішев, суретші К.Т.Телжанов, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген еңбек ардагерлері С.М.Мәуленқұлов пен А.Салықбаева иеленді.  
ІІ-дәрежелі «Барыс» орденімен –Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры– Т.К.Садықов, Қазақстан халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары – С.А.Терещенко марапатталды.

«Парасат» орденімен жазушылар Қ.Жұмаділов, С.Жүнісов, ақын К.Мырза-Әлі, композитор Б,.К.Тілеухан, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының президенті М.Жұрынов, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ректорының бірінші орынбасары Г.И.Мостовенко, Қазақстан Дизайнерлер одағының президенті Т.Б.Сүлейменов және басқа да танымал ғалымдар мен мәдениет, білім қайраткерлері наградталды.

«Вайнах» чешен-ингуш ұлттық-мәдени орталығының төрағасы С.А.Акаев, Астана және Алматы орыс православ шіркеуінің митрополиті Мефодий (Немцов Николай Федорович), «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Б.Шардинов, Қазақстан Республикасы ҰҚК шекаралық әскерлерінің спорт жөніндегі нұсқаушысы О.В.Шишигина  ІІ дәрежелі «Достық» орденінің кавалері атанды.

Әскери және қызметтік борышты үлгілі орындағаны және заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайтуда танытқан батылдығы мен қажыр-қайраты үшін  ІІ дәрежелі «Даңқ» І,ІІ,ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен бір топ әскери қызметшілер наградталды. 


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар