Жаңалықтар

13 ақпан 2017
Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақановтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті
Қарағанды қаласы

Қауіпсіздік кеңесінің көшпелі отырысына министрліктердің, арнаулы және құқық қорғау, сондай-ақ жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар басшылары қатысты.

Іс-шара барысында өңірдегі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу мәселелері қаралды. Атап айтқанда, қоғамдық қауіпсіздік, дін саласының мәселелері, сондай-ақ террористік қауіп-қатерге және төтенше жағдайларға қарсы әрекет етуге дайындықтың деңгейі талқыланды.

Қарағанды облысындағы ахуалды кешенді түрде зерттеу мақсатымен Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және басқа да өкілетті органдардың жауапты қызметкерлерінен құралған ведомствоаралық жұмыс тобы облыс әкімдігімен бірлесіп, шалғай орналасқан қалалар мен аудандарға барып, тиісті жұмыстар атқарды.

В.Жұмақанов жауапты мемлекеттік органдарға Қарағанды облысының тәжірибесі негізінде әзірленген қорытындылар мен ұсыныстарды ескеріп, елдегі жалпы ұлттық қауіпсіздікке төніп тұрған сын-қатерлер мен қауіптер деңгейін төмендету жөнінде жан-жақты талдау жасап, тиісті жұмыстарды ұйымдастыру қажет екенін атап өтті.

Жұмыс қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар