Бөлімдер санаты

Сөйлеген сөздер мәтіндері

3 шілде 2017
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың «Астана – нұрдың бұлағы» атты мақаласы

Бірер күннен соң бүкіл Қазақстан баршаның ең сүйікті мерекесінің бірі Астана күнін зор қуанышпен қарсы алмақ. 

Бүгінгі Астана – Қазақстанның тек жай ғана рәмізі емес. Өткен жылдар ішінде ол еліміздің нағыз орталығына, республиканың қарқынды дамуының түпқазығына айналды. Астана әлемнің мейлінше танымал мегаполисінің бірі болып отыр. 

Қазіргі кезде күллі әлем күрделі турбуленттік ахуалды бастан кешуде. Көз алдымызда астары терең геосаяси және геоэкономикалық үдерістер жүріп жатыр.

Америкалық көрнекті көсемсөзші және геосаясаткер Роберт Каплан өзінің «Муссон: Үнді мұхиты және Америка саясатының болашағы» атты бестселлерінде былай деп тұжырымдайды: «Африка Мүйізінен (Сомалиден) бастап Араб түбегін жанай өтіп, Иран таулы өлкесі мен Үндістан түбегінен сонау Индонезия архипелагына дейін және одан әрі қарай ұласып жатқан Үнді мұхитының жағалауы мен оның солтүстігіндегі су алабы қазіргі ғасырдың географиялық картасында маңызы өткен ғасыр картасындағы Еуропадан кем түс­пейтін ықпалды аймаққа айнала алады». 

Әлемнің көптеген танымал саяси сарапшыларының пікірінше, XXI ғасырда бұл ерекше жаһандық орталық біртіндеп Азияға ауыса бастайды. Жер шарының осынау ұлан-байтақ әрі халық ең тығыз қоныстанған бөлігінің түрлі пұшпағын әлемде Үнді мұхиты байланыстырып жатыр.

Төмендегі тұжырым көп адам үшін біртүрлі болып көрінуі мүмкін. Алайда, біздің ойымызша, қарқынды даму үстіндегі елордамыздың бұдан арғы тұтас дамуы ішінара Шығыс мұхитымен де (ежелгі заманда Үнді мұхитын осылай атаған) байланысты болмақ. 

Таяуда өткен ШЫҰ мемлекеттері басшыларының тарихи саммиті жаңа геоэкономикалық жағдайды айқындап берді. Ұйымға кіретін елдердің жалпы аумағы енді Еуразия аумағының 60%-ын қамтиды. ШЫҰ аясында 3 миллиардтан астам адам, яғни планета халқының тең жартысы өмір сүруде. Бұған қоса, қатарын Үндістан мен Пәкістан толықтырған ұйым үшін іс жүзінде Үнді мұхитына төте шығатын жол ашылды. Ал бұл мұхит, көптеген саясаттанушылардың пікірінше, осы ғасырдағы әлемдік саясаттың басты сахнасына айналып отыр. 

Бүгінгі Астана – жай ғана рәміз, елорда, мегаполис емес. Бүгінгі Астана – республиканың киелі құндылығы. Қазіргі уақытта Астана ең алдымен бүкіл Қазақстанның бейнесін айшықтайды. Күллі әлем оны солай танып, солай түсінеді.

Астана өзін сомдаған шебер туындыгердің – ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында жү­зе­ге асқан ақиқатқа айналды. Қа­зір­гі Қазақстан – Елбасы көшін бас­та­ған дарынды әрі еңбексүйгіш халық­тың ақыл-ойы мен еңбегінің жемісі.

Бүгінгі нақты шындық – табыс­ты демократиялық мемлекет ретін­дегі Қазақстан Республикасының қалып­тасуы қасиетті қазақ топыра­ғының өз халқына және жаһан жұр­ты­на XXI ғасырдың көрнекті пассио­нары – Нұрсұлтан Назарбаевты бер­ген­дігінің арқасында мүмкін болды. 

Біздің Президенттің бойында пассионарлардың басты қасиеттері – ұдайы жаңалыққа құштарлық, перфекционизмге деген перманентті ұмтылыс барынша тоғысқан. 

XX ғасырдың тамаша тарихшысы және географы Лев Гумилев ұсынған пассионарлық қуат деген ұғым бар. Ол пассионарлықтың этникалық жүйесіндегі этносты құрайтын адамдар санына бөлінген мөлшер арқылы анықталады. 

Жаратушы Құдіреттің арқасында Қазақстанда жиынтық пассионарлық қуаттың сәтін тауып, Елбасының бойына тоғысқаны анық. Соның нәтижесінде бәріміз оның ұлы істерінің куәгері және ол бастаған істерге белсене атсалысушы болып отырмыз.

Осы орайда біз өз ойымызша ең басты пассионарлық жобалар болып саналатын бірнеше жобаны ерекше атап өткіміз келеді. Бұл ретте оларды жасампаз жобалар және оқиғалық жобалар деп жіктеген орынды деп білеміз.

Әрине, Президенттің ең маңызды жасампаз пассионарлық жобасы – Қазақстан Республикасы. Біздің ел бүгінде танымал, беделді, сонымен қатар мерейлі, қалыптасқан мемлекет ретінде бүкіл әлемге мойындалды. 

Мүлде ерекше эксклюзивті жоба – Қазақстанның жарқыраған жақұты – еуразиялық мегаполис Астананың бой көтеруі болды. Бүгінгі Астана – елдің асқақ рухы және ұлттық мақтанышы.

Елбасының сыртқы саясаттағы сара жолында өңірлік және жаһандық континииум контексіндегі түрлі пассионарлық жобалар ұштасып жатыр. 

Қирап қалған посткеңестік кеңістіктегі экономикалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды сақтап қалу үшін Мемлекет басшысы ТМД-ны құру туралы бастама көтерді. Осы қадамның арқасында бірегей мәдени-ақпараттық кеңістік әрі қарай өмір сүруін жалғастырды.

Достастыққа жаңа өмір сыйлаған ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы ұсыныс айтты. Қазіргі таңда 180 миллион адамнан тұратын халқы бар бұл интеграциялық бірлестік Еуразия кеңістігіндегі аса маңызды ойыншыға айналып отыр.

Күш-қуатын күн санап арттырып келе жатқан бүгінгі маңызды жаһандық жобаның тағы бірі – Шанхай ын­тымақ­тастық ұйымы. Бұл да Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-дың бұрынғы төра­ғасы Цзян Цзэминьмен бірлесіп жүзеге асырған жасампаз идеясы. Бүгінде ШЫҰ дегеніміз – Жер шарының тең жарымы деген сөз.

Енді оқиғалық сипаттағы пассионар­лық жобаларға қатысты сөз қозғар болсақ, біздің ойымызша, бұл қатарға төмендегі жобаларды қосуға болады. 

Дау жоқ, мұндай жобаның бірі – Астанада 2010 жылы өткен ЕҚЫҰ саммиті. Ол 11 жылға созылған үзілістен кейін өткізілген еді. Саммит жұмысының қорытындысы Астана декларациясы болды, ол үш бағыт – әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адамзаттық өлшем бойынша жүргізілетін жұмыстың жалғасын табатындығын дәйектеп берді. Әлемдік саяси сөз қорында бірлік пен жасампаздықты айшықтайтын «Астана рухы» деген тың ұғым-тұжырым пайда болды.

Қазақстанның тағы бір табысы 7-ші Қысқы Азиаданы өткізуі болды. Азия ойындарының тарихында тұңғыш рет Олимпиада алауының эстафетасы ұйымдастырылып, ол 20 күннің ішінде 1000-нан астам алаугердің қатысуымен елдің барлық өңірі арқылы өтіп шықты. Жалпыкомандалық біріншілікте еліміз 1-ші орын алып, 70 медаль, соның ішінде 32 алтын ұтып алды. Бұл – сөзсіз керемет жетістік!

Биылғы қыста біздің ел Қысқы Универсиада өткізді. Оған әлемнің 57 елінен 2000 спортшы қатысты. Қазақстан қорытынды есеп бойынша екінші орын алып, Жер шарының 55 мемлекетінен озып шықты. Біз әлемдік ауқымдағы ірі жарыстарды лайықты өткізіп қана қоймай, олардың барысында айқын жеңістерге жете алатынымызды да жаһан жұртына тағы бір мәрте дәлелдедік.

Ал дәл қазір көзіміз көріп отырған ғаламат маңызды ұлттық жобаның бірі – Астана ЭКСПО-2017 көрмесі. Бұл – ТМД және Шығыс Еуропа аумағында алғаш рет өткізіліп отырған мамандандырылған көрме. Оған 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысуда. Осы жаһандық форумды ашқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Бұл – біздің елдің және «Қазақстан» атты ұлттық брендтің жаһандық кеңістіктегі ілгерілеуінің жаңа белесі. «Болашақтың энергиясы» тақырыбын жариялай отырып, біз ғылыми прогрестің нақ ортаңғы өзегінен орын аламыз деп сенеміз», деді.

Көрмеде елдер мен халықаралық ұйымдардың 130-дан астам экспозициясы назарға ұсынылуда. ЭКСПО аясында бірқатар ауқымды халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бүгінге дейін Астана экономикалық форумы, Шетелдік инвесторлар кеңесі өтті. Күзде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммиті ұйымдастырылатын болады. Жалпы 6 мыңнан астам іс-шара өткізілмек. 

Атап айтсақ, мәселен, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмысының бағыты бойынша көрме аясында тамыз-қыркүйек айларында «Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды» атты халықаралық форум өтеді, оған әлемнің түрлі мемлекеттерінен 300-ден астам делегат қатыспақ. Қатысушылар қатарында ШЫҰ, Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия, ТМД және алыс шетелдерден келетін көшбасшы әйелдер, энергия тиімділігі жөніндегі инновациялар авторлары, «жасыл экономика» саласындағы әлемдік көрнекті ғалымдар, мемлекеттік органдар мен Қазақстанның әйелдер қауымының өкілдері болады.

Форумда мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам серіктестігі негізінде баламалы энергетика және «жасыл экономика» саласындағы инновациялық идеяларды ілгерілетудегі әйелдердің рөлі мен үлесі кеңінен талқыланады. 

Әйелдердің балама энергетика және «жасыл экономика» саласындағы жаңа жетістіктері таныстырылады, сон­дай-ақ «жасыл экономиканы» дамытуға, БҰҰ-ның «Баршаға арналған орнықты энергия» тақырыбындағы жаһандық бастамаларын және «Жасыл көпір» атты серіктестік бағдарламасын жүзеге асыру ісіне әйелдер кәсіпкерлігін тарту мәселелерін талқылау жоспарлануда. 

Жер шары әйелдерінің тек бейбіт мақсатқа қолданылатын болашақтың энергиясын қолдайтынын форумның басты тезисі ретінде айрықша атап өткім келеді. Жаңа энергияны пацифизм қағидаттарына сай қолдану – Қазақстанның әйелдер қауымының ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелдердің бітімгершілік үдерістеріне қатысуы жөніндегі бастамасын берік қолдауының көрінісі. Бұл – біздің елдегі әйелдер қауымының жаһандық әйелдер қоғамдастығына оларды бітімгерлік шараларына белсене қатысуға шақыратын маңызды үндеуі.

Бүгінде әлем жаңа дәуірге – кибер­физикалық жүйелерді өндіріске жаппай енгізуді білдіретін 4.0 индустриясы кезеңіне қадам басып отырғаны белгілі. 

Басталып кеткен жаңғырту ісінің құрамдас бөлігінің бірі – жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) көшу. Бұл ретте әлемде қандай ахуал орын алып отыр? 

Жаңартылатын энергияның әлемдік энергия теңгеріміндегі үлесі қазірдің өзінде 24%-ға жетті. Сарапшылардың болжауынша, бұл көрсеткіш 40%-ға дейін өседі.

2015 жылғы жағдай бойынша 170-тен астам мемлекет өзіне ЖЭК-ты дамыту жөнінде міндет қойды. Бірқатар елдерде бүкіл энергия өндірісі ЖЭК-қа тиесілі, мысалы, Лесотода ол – 100%, Непалда – 99,4%, Исландияда – 99,9%. ЖЭК үлесі елеулі болып келетін елдердің ең көбі Африка мен Оңтүстік Америкада орналасқан. Ал Таяу Шығыста ЖЭК нашар дамыған. Жел және күн электр стансалары Еуропалық Одақ пен АҚШ-та айтарлықтай маңызды үлеске ие, ал гидроэнергетиканың мейлінше көбірек үлесі Африка мен Оңтүстік Америкаға тиесілі. 

2015 жылы ЖЭК энергиясын түр­лен­діруге арналған мейлінше мол қуат орталықтары орналасқан негізгі елдер қа­тарына ЕО, АҚШ және Қытай енді. Оларға 72%-ға жуық күн энергиясы өнді­рісі, 84% жел энергиясын түрлендіру үле­­сі, 46% ГЭС қуаты, биомасса арқылы жұ­мыс істейтін генераторлардың 64%-ы, гео­­термальдық қуаттың 42%-ы және су­дың көтерілуінен қуат алатын электр стан­са­ларының 54%-ы тиесілі. 

Қазақстан биыл басты мәні эко­но­микалық өсімнің жаңа моделін қалып­тастыру болып табылатын Үшінші жаң­ғыруды жүзеге асыруға кіріскені мәлім. 

Энергияның елде орасан мол екен­дігіне қарамастан, Мемлекет басшысы таза технология мен таза энергетиканы да­мыту үшін белсенді түрде ЖЭК-қа көшу жөнінде міндет қойды. 

Қазақстан ЖЭК-ты энергетикалық кешенді дамытудың бір векторы ретінде қарастырады. Біздің елде ЖЭК әлеуетінің өте жоғары екені белгілі. 

Әлемнің ең озық 30 елінің қатарына қосылуға ұмтылып отырған еліміз «Қа­зақ­стан-2050» стратегиясын қабылдады, онда Мемлекет басшысы баламалы энергияны және ЖЭК-ты дамыту жөнінде міндет қойды. Қойылған міндетке сәй­кес, оның үлесі 2050 жылға қарай барлық тұ­тынылатын энергияның жиынтық көлемінің 50%-ынан кем болмауы тиіс.

Бұл орайда еліміз бүгінде ТМД бойынша көш бастап тұр. Біз Достастық елдері арасынан бірінші болып «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасын, Экологиялық кодексті қабылдадық.

Нақты индикаторлар белгіленді, мәселен: балама энергия үлесін қазіргі 0,8%-дан 2020 жылға қарай 3%-ға, 2030 жылы 30%-ға, 2050 жылы 50%-ға дейін жеткізу көзделген.

Бүгінгі таңда Қазақстанда қазірдің өзінде ЖЭК-тың 50 кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың мейлінше ірілері – Жам­был облысындағы қуаттылығы 50 МВт болатын «Бурное» күн электр стан­сасы (КЭС); Ақмола облысындағы қуат­тылығы 45 МВт болатын жел электр стансасы (ЖЭС); Жамбыл облысы Қордай кен­тін­дегі қуаттылығы 21 МВт болатын ЖЭС. 

Астана ЭКСПО базасында респуб­ликамызда Жасыл технологиялар мен ин­вестицияларды дамыту жөніндегі ха­лық­аралық орталық құрылатын болады.

2020 жылдың соңына дейін 53 ЖЭК нысанын, соның ішінде 23 ЖЭС, 17 КЭС және 13 ГЭС нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Осындай шаралардың жүзеге асырылуы Қазақстанға жасыл энергетиканы да­мыту ісі бойынша әлемнің жетекші елде­рінің қатарына қосылуға мүмкіндік береді.

Бүгінде өзінің қазіргі келбеті арқы­лы республиканың инновациялық бола­шағын кейіптейтін Астана еліміздегі жасыл дамудың драйвері және көш бас­таушысы болып отыр.

Ел үкіметі 2014 жылдың өзінде Ас­тананы 2050 жылға дейін әлемнің ең үздік қалаларының ондығына кіргізу міндетін қойғаны мәлім. Қала қазіргі кезде біртіндеп, жүйелі түрде сол көзделген мақсатқа қарай ілгерілеп келеді.

Мегаполис экономикасының жан-жақты дамуынсыз бұл межеге жету мүмкін емес. Осы орайда маңызды көр­сет­кіштің бірі – энергияның жұмсалу мөлшері. 

Қала басқармасы бүгінде Астананың энергиясын үнемдеу мен энергия тиім­ділігін арттырудың кешенді жоспарын жүзеге асыруда. Оны әзірлеу барысында Канаданың, Скандинавияның, Германияның, Қытайдың, Сингапурдың, т.б. елдердің энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы үздік әлемдік тәжірибелері қарастырылды.

Басымдықтардың бірі – ЖЭК-ты дамыту және перспективалы энергия үнем­деу технологияларын енгізу.

ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық аясында ЖЭК-тың шағын формаларын орнату жобаларын жүзеге асыру бағы­тындағы ауқымды жұмыс атқа­рылды. Осы мақсатпен БАӘ, АҚШ, Қы­тай, Шы­ғыс Еуропа елдерінің озық тәжі­рибелері мұқият зерттелді. 

Бүгінде Астанада қазірдің өзінде ЖЭК-тың шағын формасының 18 түрі ор­­на­тылған. Алынған электр энергиясы кешені және саябақтарды жарықтан­ды­руға бағытталып, қаланың жарық беру желісі мен бюджет жүктемесін азайтуға сеп­тігін тигізуде. 

Жаяу жүргінші өткелдерінің жолын жарықтандыру сәтті жүзеге асырылып отыр, осының өзі қаладағы жол ахуалын жақ­с­артуға қосылған нақты үлес болып саналады. 

Жабық аялдамаларды олардың шатырына күн панельдерін орнату ар­қылы электрмен қамтамасыз ету авто­номды тәсілге көшірілген. Панель­дер аялдамалардың электрмен, жылу­мен қамтамасыз етілуіне жә­не жарықтан­дырылуына септігін тигі­зуде. 

Елорда тұрғындары мен қонақтары демалатын орындарда күн энергиясымен жұмыс істейтін, электрондық гад­жет­терді қуаттандыруға мүмкіндік бере­тін «Паль­малар» атты құрылғылар орна­тыл­ған.

Саябақтар мен гүлзарлар аумағының бәрін күн панельдерімен және жел генераторларымен жабдықталған шырақтар жарықтандырып тұр. Олар CREE LED маркалы чиптері бар, ұзақ уақыт бойы қыз­мет ететін және электр қуатын үнем­дейтін жарықдиодты шамдармен жарақ­тан­дырылған.

Көп адам халықаралық әуежайдан шыға берісте күннің жарығын жинақтап, электр қуатын өндіруге және оны қаланың жарық желісіне беруге арналған «Гүл» атты құрылғыны байқаған да болар.

Қаланың орталық циркінің маңында тірек-тұғырларға орнатылған «Беймәлім ұшу нысаны» пішініндегі, өз-өзін электр­мен қамтамасыз ететін декоративті шырақтар жарқырап тұр. 

Негізгі демалыс орындарында жел генераторларымен жабдықталған «Ағаш­тар», сондай-ақ «Күн гүлшелері» аталатын, барлығы Қазақстанда өндірілген бұйымдар орнатылған. 

Сонымен қатар, Тұран даңғылының, Ұлы Дала көшесінің бойы ЖЭК арқы­лы жұмыс істейтін жарықтандыру әді­сіне көшірілген. Осы көшелерде өз-өзін электрмен қамтамасыз ету үшін күн панель­дерімен жабдықталған бағдар­шамдар орнатылған.   

«Әуежай» айналма жолының алдында жел генераторларымен жабдықталған «Болотов құрылғысы» жұмыс істеп тұр, ол тіпті әлсіз желдің өзінен жеткілікті мөл­шерде электр энергиясын өндіре ала­ды.

Кешкі мезгілде Қабанбай батыр даң­ғылы бойындағы стадиондар кеше­нінің ауданы күн энергиясымен жұмыс істей­тін, сондай-ақ ауаны сүзгіден өткізетін «Эко-шамдар» арқылы нұрланып тұ­рады.

Қоғамдық спорт алаңдарында саламатты өмір салтын ұстанып, дене тәр­биесімен шұғылдануға арналған «Эко-фитнес», «Эко-жатақ» тренажерлары орна­тылған. Ең қызығы сол, олар да электр энергиясын өндіреді.

Міне, қазірдің өзінде осындай нақты қадамдар жасалды. Барлығы жүйелі, ретті және айқын жүзеге асырылуда. Ал алдымызда бізді бұдан да қарқынды және тартымды болашақ күтіп тұр. Астана әлемнің ең зияткер қаласының бірі деген мәртебе деңгейіне қарай жедел әрі байыпты түрде ілгерілеп келеді.

Бір кезде әйгілі ағылшын жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Редьярд Киплинг Батыс пен Шығыс ешқашан қосылмайды деп тұжырымдаған болатын.

Алайда барлық негізгі әлемдік өрке­ниеттердің лебін бойына тоғыстырған Ел­басының төл перзенті – Елорда өзі­нің даму философиясы, қайталанбас ур­банистік мәдениеті арқылы бұған мүлде басқаша жауап беріп отыр. Сондықтан Астана бүгінде Нью-Йорк, Париж немесе Лондон тәрізді беделді жаһандық мегаполистердің біріне айналды. Ұлы Да­ла елінің елордасын көп жұрт ірі халық­аралық форумдар өткізу үшін ең қалаулы орын деп санайды. Біз тіпті осыған дейін бастары қосылып көрмеген әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары үшін де ортақ диалог алаңын қалыптастырдық. 

Елімізде қазір өтіп жатқан «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің стратегиялық тұрғыдан ойластырылған сындарлы, заманауи мемлекеттік саяса­ты­ның салтанатты жеңісінің айшықты айғағы; Елбасымыздың аса жоғары беде­лінің әлемдік деңгейде тағы бір мәрте мойын­далуы.

Дүниежүзілік әрбір көрме техни­калық және технологиялық жетістіктері, біре­гей жобалары арқылы тарихта мін­детті түрде өзінің өшпес ізін қалды­ратыны мәлім.

Мәселен, 1851 жылы Ұлыбританияда өткен алғашқы көрме әлемге түгелдей темір мен әйнектен жасалған Хрусталь сарайды тарту етті. Көрме үшін 1889 жылы арнайы салынған әйгілі Эйфель мұнарасы Париждің бірегей бойтұмарына айналды. Ал Монреальда ЭКСПО-67 көрмесі үшін бой көтерген, бірінің үстіне бірі жалғасқан 354 текшеден тұратын «Хабитат 67» атты ғаламат тұрғын үй кешені бүкіл Канаданың көзайымы болып саналады.

Біздегі ЭКСПО-2017 көрмесінде болғанымда мен ондағы орталық нысан, Қазақстанның павильоны – «Нұр Әлем» болашақта Астана мен Қазақ елінің ғана емес, күллі әлемнің рәмізінің біріне айналады деген ойға келдім. 

Диаметрі 80 метрлік бұл алып шар әлемдегі толық сфера пішініндегі бірден-бір ғимарат болып саналады. Нысан құрылысында футуристік дизайнды бұзбай сақтай отырып, электр энергиясын өндіретін ең жаңа фотоэлектр технологиялары қолданылған. Желдің бағыты мен ұйытқуына тәуелді емес дыбыссыз жел генераторлары электр энергиясын желіден аз тұтынуды қамтамасыз етеді. «Нұр Әлем» – «Болашақтың энергиясы» ғимаратының мінсіз үлгісі, бұл тек көрменің жай ғана айшықты көркі емес, тұтас бір бренд.

Менің ойымша, «Астана ЭКСПО-2017» жаңа энергияның, болашақтың энергиясының рәмізі ғана болып қалмайды, ол адамзаттың техника мен технологиялар саласындағы одан әрі ілгерілеуі жолындағы тың пассионарлық серпінінің бастауын білдіреді. 

Қазіргі заманның көрнекті пассионары, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау жобасының арқасында Қазақстан Республикасы жаһандық Олимп шыңының жарқыраған тағы бір жаңа биігіне көтерілді. 

Мемлекет басшысының ғаламат жобасы – Астана өз уақытынан озған мегаполис ретінде бүгінде бүкіл Қазақстанның пассионарлық қуатының орталығы болып саналады деп білемін.

Шындығын айтқанда, инклюзивті және орнықты даму форматын жүзеге асырып жатқан біздің елді бүкіл әлем антиядролық қозғалыстың көшбас­шысы ретінде мойындады. Қазақстан көп­теген маңызды геосаяси және геоэко­номикалық бастамалардың иесі болып саналады.

Іс жүзінде біз Азиядағы пассионарлық қуат орталығының біріне айналып келе­міз. Көптеген сарапшылар XXI ғасыр­ды Азияның дәуірі ретінде танып отыр­ғанын ескерсек, Қазақстан да жаһандық пас­сионарлық орталығының біріне айналуда.

Бір кезде, Жаңа дәуір туғанда Еуро­пада: «Ex oriente lux» (Шығыстан нұр төгі­ліп тұр) деген сөз айтылған болатын. Бұл Шығыстан даналық келе жатыр деген­ді білдірген еді. 

Менің ойымша, Қазақстанның бүгінгі жетістіктері, маңызды әлемдік бастамалары, жаһандық ынтымақтастық пен бейбітшілікті жақтауы, Астананың жаһандық орталықтардың бірі ретінде мойындалуы «Ex Astana lux» деп батыл айтуға толық мүмкіндік береді. Астанадан нұр төгіліп тұр!  

Келе жатқан Астана күні құтты болсын, қымбатты қазақстандықтар, ЭКСПО-2017 қонақтары!


Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері
 
Басқа cөйлеген сөздер мәтіндері
Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері