Бөлімдер санаты
Сөйлеген сөздер
Оқиғалар күнтізбесі
ДсСсСрБсЖмСнЖс
 
 
 
 
 
 
1
2345678
910111213
14
15
16171819202122
23242526272829
3031
 
 
 
 
 
Барлық жаңалықтар

Сөйлеген сөздер

2 қыркүйек 2013
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бесінші шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясында сөйлеген сөзі

 

Құрметті депутаттар!

Құрметті Үкімет мүшелері!

Қазақстан Республикасы Конституциясының 59 бабына сәйкес бесінші шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясын ашық деп жариялаймын.

 

Құрметті Мәжіліс және Сенат депутаттары!

Баршаларыңызды жаңа парламенттік маусымның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын.

Бесінші шақырылымдағы Парламент өзінің конституциялық өкілеттігі аясында бір жарым жыл жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде үш партиялы Мәжіліс жоғары деңгейде қызмет атқара алатынын көрсете білді.   Отандық парламентаризм тарихында тұңғыш рет заң шығару жұмысын бір шақырылымдағы депутаттардың өкілеттік мерзіміне тұтастай жоспарлау тәжірибесі енгізілді. Бұрын біз ондай жоспарды тек бір сессияға ғана жасайтын едік.

Екінші сессия барысында 100-ге жуық заң қабылданды. Қазақстан экономикасының құқықтық негізі жақсарып, салық жүйесі жетілдірілді, шағын және орта бизнесті дамытудың заңнамалық мәселелері шешілді. Зейнетақы жүйесін реформалау, білім беру жинақтау жүйесін құру, мемлекеттік қызмет көрсету туралы және басқа да көптеген маңызды әлеуметтік заңдар қабылданды. Бүгінгі таңда Парламенттің қарауында 30-ға жуық заң жобасы бар.  

Парламентіміз жоғары саяси жауапкершілік режимінде жұмыс істеп, халық өкілі ретіндегі өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Алдағы уақытта да осы қарқыннан таймау қажет. Себебі, біз дамудың ең шешуші сатысы – «Қазақстан 2050» стратегиясын жүзеге асыру кезеңіне аяқ бастық. Бұл Стратегияның алға қойған негізгі мақсаты – әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру. Бұл барша Қазақстан халқына, оның ішінде сіздерге айрықша міндеттер жүктейді. 

 

Құрметті депутаттар!

Парламенттің жаңа сессиясы «Қазақстан - 2050» Стратегиясын жүзеге асыру кезінде  басталып отыр.

Мен өз Жолдауымда тұтас жаңа жарты ғасырға жуық дәуірді – Қазақстанның әлемнің мейлінше дамыған 30 елінің  қатарына кіруді қамтамасыз етуді айқындадым.

Жаһандық ахуал бізге күрделі жағдайда бір-ақ жыл ғана жұмыс істеуге тура келмейтінінін көрсетіп тұр. Әлемдік экономиканы болжаудың мүмкіндігі аз. Оның күрт өзгерістері мен әркелкі үрдістері болуы мүмкін.  Біз кеше ғана болашағы зор болған және қарқынды дамыған елдердің бір-ақ сәтте ішкі алауыздық пен жанжалдың аймағына айналғанын көріп отырмыз.

Әлеуметтік проблемалар көптеген дамыған елдерде шиеленісіп кетті. Жұмыссыздықтың өсуі, халықтың табысының төмендеуі, әлеуметтік дамудың үйлесімсіздігі мен кереғарлығы – мұның бәрі әлемнің көптеген елдеріндегі нақты жағдайлар.

Бұл орайда Қазақстандағы ахуал олардың көпшілігінде болып жатқан жайттарға қарағанда артықшылығымен ерекшеледі.

Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда ІЖӨ-нің өсімі 5 пайыздан астам болды. ІЖӨ көрсеткіші жан басына шаққанда 12 мың доллардан асты. Қазақстанның Ұлттық қордың валюталық активтерін қоса алғандағы халықаралық резерві 90 миллиард доллардай болады.

Қазақстан экономикасына инвестиция тарту мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде шаралар қабылдануда, оның ішінде заңдық сипаттағылары да бар. Біз инновациялық индустрияны сенімді жалғастырып, экономикамыздың кластерлік дамуға көшуін жүзеге асырудамыз.  

Қысқа мерзімде әкімшілік реформаның жаңа кезеңі өткізілді.

Біріншіден, мемлекеттік қызметтің жаңа моделі жасалды. «А» корпусы жасақталды. Бұлар – жоғары талаптар арқылы іріктелген 543 мемлекеттік қызметші. Саяси қызметшілердің саны 7,5 есе қысқарды.

Өңірлерде аудан мен қала әкімдерінің үштен бірі, ал орталық деңгейдегі атқарушы органдар басшы құрамының 15 пайызы жаңарды.

Екіншіден, жергілікті өзін-өзі басқару реформасы жүргізілді. Ауылдық деңгейге қосымша 5000 штат бірлігі беріліп, 67 мемлекеттік функция бекітілді.  Бүгінде ауыл әкімдері салық жинауға, бюджет қалыптастыруға және жергілікті проблемаларды тұрғындардың өздерін қатыстыра отырып шешуге қаржы бөлуге құқылы.  Жергілікті 2,5 мың әкімнің сайлауын өткізу маңызды қадам болды. Бұл еліміздегі барлық әкімдердің 91 пайызы.

 

*    *    *

Биыл жергілікті билік органдарының  мүмкіндіктері айтарлықтай күшейтілді. Оларға әлеуметтік салада қосымша өкілеттіктер берілді. Бұл олардың жергілікті көкейтесті мәселелерді дербес, әрі уақтылы шешуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бұл әкімдерге  отандастары мен мемлекет алдында аса зор жауапкершілік жүктейді. Әрбір әкім бұл жауапкершілікті толығымен сезініп, өз міндеттерін лайықты атқаруы тиіс. Олар өздерін сайлаған халықтың заңды өкілдерінің сенімін адал да, шынайы еңбегімен ақтауға міндетті. Бұл жаңадан сайланған әрбір әкімнің қаперінде болуы шарт.

 

*    *    *

Үшіншіден, «Мемлекеттік қызметтер көрсету» туралы заң қабылданды және жүзеге асырылуда. Бұл бизнес-ортаны жақсартады, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырады. Сонымен қатар, Үкімет бұл жұмыстарды, ең алдымен медициналық, білім беру қызметтерін көрсетуді жалғастыру қажет

Жалпы, біздің Жаңа саяси бағытымыз ХХІ ғасырдың ортасына қарай еліміздің дамуына жаһандық, өңірлік және ішкі өлшемдегі сын-қатерлерді қамтиды.

Сондықтан үшінші сессия барысында Парламент ұзақмерзімді жаңа Стратегия негізінде мына бес бағыт бойынша заң шығарудағы маңызды міндеттерді шешуге тиіс.

Бірінші. Заң шығару үдерісінің басымдығы тұрақты экономикалық өсімді құқықтық қамтамасыз ету болып қала беруі керек. Мен баршаға ортақ экономикалық тұрақтылық дәуірінің басталуын күтіп отыру бейқамдық екенін бірнеше рет айттым. Жаһандық жаңа дағдарыстар ықтималдығы азаймай тұр.

Экспорттық өнім мен шикізат бағасының тұрақсыздығы – ұзаққа созылатын үрдіс.

Тек сыртқы несиелендіруге ғана үміт арту ақылдылық емес.

Сондықтан дамудың барлық ішкі мүмкіндіктері мен көздерін толық іске қосу маңызды. Осыған байланысты отандық бизнес өзін сенімді сезініп, тиімді дами алатын құқықтық орта қалыптастыру маңызды болып табылады.

Мен Үкіметке Кәсіпкерлік кодексі жобасын әзірлеуді тапсырдым. Онда қазақстандық кәсіпкерлер қызметінің және олардың мемлекетпен әрекеттестігінің негізгі қағидаттарын белгілеу керек. Бұл «қазақстандық бизнес конституциясы» болуға тиіс.

Тағы бір маңызды заң жобасы  – «Рұқсаттар және хабарламалар туралы».

Онда бизнес-құрылымдарға қатысты кез келген бюрократтық озбырлықтан қорғаудың айқын кепілдіктері анық жазылуға тиіс. Үкіметке бұл жобаны Мәжіліске осы жылдың соңына дейін енгізуді тапсырамын.

Аса маңызды және басымдығы бар міндет – «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңға өзгерістерді қабылдау. Онда барлауға құқық беру жүйесін түбегейлі жеңілдетіп, «жеміссіз» кен орындарына қатысты алыпсатарлық тәжірибесінен сақтанған жөн.

 Табиғи ресурстарды игеруге құқық алып, бірақ оған ештеңе инвестицияламай, іс жүзінде оны экономикалық айналымнан шығаратын жағдайлар да баршылық. Қаражат салынбайтын кеніштерді мемлекетке қайтарып, басқа инвесторларға беру қажет. Осылайша біз геобарлау  саласына жаңа инвестициялар тарта аламыз.

Мен стратегиялық ірі кен орындарының жұмыстарына қатысты тапсырма беріп те қойдым. Атап айтқанда, келісімшарттар жасау немесе оларға өзгерістер енгізу кезеңінде инвесторларға Қазақстан экономикасын әртараптандыруға көмектесу тұрғысында міндетті талаптар қою тетіктерін ойластыру қажет.

 Сондай-ақ экономиканы дамытуға және инвестиция тартуға көмектесу үшін мен өз Жарлығыммен Парламентке 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі қызметінің заңнамалық негізін әзірлеуді қамтамасыз етуді тапсырдым.

Міндеттердің екінші блогы инновациялық процесті, әсіресе басымдығы бар салаларды ынталандыратын жаңа заңнамалық нормаларды қабылдауға байланысты. Парламент қазірдің өзінде «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» заң жобасы мен оған ілеспелі құқықтық нормалар кешенін қарастыруда.

Энергия тиімділігі мен энергия жинақтауды арттыру да маңызды болып саналады. Энергия жинақтаудың жаңа мәдениетін, экономика тәрізді күнделікті өмірде де жаппай қалыптастыру қажет. Өздеріңіз білесіздер, менің Жарлығыммен «Жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасы бекітілді.         

Алайда оны жүзеге асыру энергия пайдаланудың тиімділігіне қатысты мүлде жаңа тәсілдерді қажет етеді. Мен қойған міндеттерді орындау үшін 2020 жылға дейін бізге энергия үнемдеуді жыл сайын 2,5 пайыз, ал 2020 жылдан кейін 3,5 пайыз көлемінде қамтамасыз ету қажет. Сонда біз отандық кәсіпорындардың энерготиімділігінің қажетті деңгейіне жетеміз және сонымен қатар «жасыл экономика» құру аясындағы міндеттерді орындаймыз.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру да заңнаманы жетілдіруді талап етеді. Парламент үшінші сессиясы барысында «жасыл экономиканың» қалыптасуы мен дамуына қажетті заңнамалық негіздерді қарауға кірісуі үшін бұл жұмысты жедел жүргізу керек.

Осыған байланысты Үкіметке тиісті заң жобаларын Парламенттің қарауына тездетіп енгізуді тапсырамын.       Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өтетіндігіне байланысты бұл айрықша маңызды. Биылғы жылғы қарашада Үкімет ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру мен өткізуге қажетті нормалары қамтылған заң жобасын енгізеді. Оның қаралуын мен шұғыл деп жариялаймын. 2014 жылдың бірінші тоқсанында бұл заңды қабылдау қажет.

Өздеріңіз білетіндей, мемлекет азаматтардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын, соның ішінде баспанамен қамтуды мақсатты түрде жақсартып келеді. Парламентке үлескерлік тұрғын үй құрылысы саласындағы қатынастарды жетілдіруге бағытталған, сондай-ақ тұрғын үй қатынастарының өзге де аспектілері бойынша заң жобалары енгізіледі. Жалпы бұл бағыттағы жұмыс тиісті деңгейде жүргізілуде. Бізге қаражаттың жергілікті жерлерде уақытылы игерілуін және тұрғын үй құрылысының белгіленген көлемде қамтамасыз етілуін бақылау қажет.

Үшінші. Азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз етуді, ең алдымен, зейнетақы жүйесін реформалау жұмыстарын жандандыру маңызды. Зейнетақы жүйесі реформасына байланысты қазақстандықтарға Үндеуімде мен Үкіметке азаматтардың зейнетақы жинақтары өсіміне қосымша кепілдіктер туралы бірқатар тапсырмалар бердім.

Атап айтқанда, біріншіден, жұмыс істейтін әйелдердің бала туу және бала күтіміне байланысты демалыста болу кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын бюджет қаражаттары есебінен субсидиялауды қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, жұмыс берушілер қаражатынан өз жұмысшыларының зейнетақы шоттарына 5 пайыздық міндетті аударымдар енгізу керек. Үшіншіден, міндетті кәсіптік жарналар мөлшерлемесін тағы 5 пайызға кезеңдік ұлғайтуды қарастыру. Төртіншіден, зейнетақы активтерін елдің мейлінше перспективалы салаларына инвестициялау тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету.

Әлеуметтік жаңғыру еңбек қатынастары мәдениетін арттыруды талап етеді. Сондықтан қазақстандық кәсіподақ қозғалысын жаңғырту қарқындырақ жүруі тиіс. Үшінші сессия жұмысы барысында «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заң қабылдау қажет. Оны Үкімет таяу арада енгізеді.

Әлеуметтік жаңғырудың маңызды аспекті – жастар саясатының заңнамалық негізін нығайту. Бұл ретте заң шығарушылар мемлекеттік жастар саясаты туралы заң жобасын қарауы қажет. Сондай-ақ алда минималдық стандарттар мен кепілдер, дене шынықтыру және спорт туралы және басқа да заңдарды қарау және қабылдау мәселесі тұр.

Заңшығарушылық міндеттердің төртінші маңызды блогы құқық қорғау заңнамасын жаңғырту және терең реформалаумен байланысты. Парламентті Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық-атқару кодекстерінің жаңа жобаларын, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті қарау жұмысы күтіп тұр. Шын мәнісінде, отырып, Қазақстанның құқық қорғау және сот жүйесінің әлемдік тәжірибені қолданған жаңа құқықтық негізі қалыптастырылатын болады.

Үкіметке және заң шығарушыларға қылмыстық құқықты ізгілендіру мен қоғамда құқық бұзушылыққа төзбеушілікті қалыптастыру үдерістерінің арасында ортақ вектор түзу маңызды. Кез келген қылмыс пен заң бұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығы мен әділдігіне ешкімнің ешқандай да күмәні болмауы тиіс. Сонымен бір мезгілде құқық бұзушыларды еркіне қойып, азаматтардың заңға «жеңіл қарауына» есіркеушілік жасауға болмайды.

Жаңа актілерді қабылдау қылмыстық сот өндірісі жүйесін жаңғыртады. Қазақстандық құқық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды мүлтіксіз қамтамасыз ететін сапалы деңгейге көтеріледі.

Бесінші.  Маңызды бағыттың бірі – Қазақстанның өзге елдермен қол қойған мемлекетаралық келісімдерін ратификациялау.

Қазақстанның ДСҰ-ға кіру кезінде қабылдайтын міндеттемелерін ратификациялау бойынша Жол картасын Үкімет биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін әзірлейді. Таяу екі жылда Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамыту бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Біз Ресей және Беларусьпен бірге Еуразиялық экономикалық одақ қалыптастырамыз. 2014 жылы еуразиялық интеграцияның жаңа деңгейінің базалық келісімдерінің негізгі пакетін әзірлеу жұмыстары аяқталады.

Мәжіліс пен Сенат депутаттары заң шығармашылығының барлық осы бағыттары бойынша жемісті жұмыс жүргізетіндігіне сенімдімін.

 

Құрметті депутаттар!

 

Мен Парламент депутаттары әрдайым тарихи міндеттердің биігінен табыла білеріне сенемін.

«Қазақстан 2050» стратегиясын жүзеге асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде Үкіметпен қоян-қолтық жұмыс істейді деп санаймын. Бірліксіз істе береке болмайтынын, Ынтымақ жүрген жерде Ырыс бірге жүретінін қаперден шығармайық. Басты байлығымыз – ел бірлігін сақтай отырып, биік мақсаттарға ұмтылуды мақсат еттік. Сол мақсаттарға бастайтын заңнамалық алғышарттарды жасайтын – сіздер.

Халық қалаулысы деген абыройлы мәртебенің салмағын ауырсынбай арқалайтындарыңызға мен сенемін. Сіздерге Қазақстанның өркендеуі жолында маңызды шешімдер қабылдайтын жұмыста зор табыс тілеймін.

 

Назарларыңызға рахмет!


Барлық сөйлеген сөздер
 
Басқа сөйлеген сөздер мен үндеулер
Барлық сөйлеген сөздер мен үндеулер