National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Ресейдің Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенконы қабылдады

2021 жылғы 28 маусым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Ресейдің Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтудың, перспективалары талқыланды. Сонымен қатар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа, еуразиялық интеграцияға және екі елдің коронавирус пандемиясына қарсы күрестегі бірлескен күш-жігеріне қатысты өзекті мәселелер сөз болды.

Мемлекет басшысы Федерация кеңесінің делегациясына ілтипат білдіріп, Валентина Матвиенконың елдеріміз арасындағы екіжақты қатынастарды дамытуға және нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ ТМД Парламентаралық ассамблеясы кеңесінің  төрағасы қызметіндегі жемісті еңбегіне тоқталды.

Президент заң шығарушы органдардың Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстарын жақындатудағы рөлін ерекше атап өтті.

– Парламенттік дипломатия мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуда үлкен рөл атқарады деп санаймын. Бұл әсіресе, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы ықпалдастыққа қатысты. Біз үшін достық, одақтастық байланыстар негізгі басымдыққа ие, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Федерация кеңесінің төрағасына елімізде іске асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалар жөнінде айтты.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің халықаралық аренадағы орнын нығайту ісіндегі Владимир Путиннің саяси бағытының маңызды рөлін атап өтті.

– Владимир Путиннің мықты әрі беделді басшылығымен Ресей Федерациясы халықаралық аренада өзін әлем елдері санасатын және онсыз бірде-бір маңызды халықаралық проблема шешілмейтін мемлекет ретінде танытты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Валентина Матвиенко Президентке кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін шынайы ризашылығын білдірді.

– Сапар алдында Владимир Путинмен сөйлестім. Ол Сізге жүрекжарды сәлемін жолдады. Сондай-ақ Сіздердің сенімді әрі шынайы қарым-қатынастарыңызды жоғары бағалайтынын айтты. Қол жеткізілген барлық уағдаластықтардың жүзеге асырылатынын нақтылады, – деді Федерация кеңесінің төрағасы.

Бұдан бөлек Валентина Матвиенко елордамыздан алған әсерімен бөлісті.

– Кезінде Владимир Путин Нұр-Сұлтан қаласын қазіргі заманның ғажайыбы деген еді. Шын мәнінде, қала көз алдымызда көркейіп келеді. 6 шілдеде қала күнін атап өтетіндеріңізді білемін. Сізді және Нұр-Сұлтан қаласының барша тұрғынын келе жатқан мерекелеріңізбен құттықтаймын, – деді Валентина Матвиенко.

Сонымен қатар Валентина Матвиенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Сенатында және Мәжілісте өткен келіссөздердің қорытындылары туралы айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесі Владимир Путинге шынайы ілтипатын білдіріп, ыстық сәлемін жолдады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің