Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсуде.
Ресей Президенті Владимир Путин жеделхатында екі ел арасындағы ықпалдастықтың жоғары деңгейін атап өткен.
– Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық сипатына ие. Бұл байланыстар қос халықтың игілігі үшін және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мүддесіне сай алдағы уақытта дәйекті түрде дами түсетініне кәміл сенемін, – делінген жеделхатта.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Мемлекет басшысы мен қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың деніне саулық, еңбегіне табыс тіледі.
– Былтыр Сізбен екі мәрте кездестік. Біз екіжақты қарым-қатынас пен түрлі саладағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізіп, Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты әрі мәңгі стратегиялық серіктестіктің жаңа даму кезеңіне жедел қадам бастық. Мен өзара саяси сенімді тереңдетуге, сан қырлы ықпалдастықты нығайтуға және тағдыры ортақ Қытай-Қазақстан қоғамдастығын одан әрі дамытуға әрі іске асыруға Сізбен бірге күш жұмылдыруға әзірмін, – деп жазды Қытай көшбасшысы.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев ерте заманнан келе жатқан мереке екі ел арасындағы байланыстарды кеңейтуге ықпал етіп, өзбек-қазақ халықтарының тұрмыс-тіршілігіндегі айтулы күн деп санайды.
– Жоғары деңгейдегі диалогты жандандырудың және бірлескен күш-жігердің арқасында Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара құрмет пен қолдауға негізделген стратегиялық қарым-қатынас пен одақтастық жоғары сапалы деңгейге көтерілді. Алдағы уақытта да осы бағыттан айнымаймыз деп сенемін, – делінген жеделхатта.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевтың аса жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу тіледі.
– Біздің озық мәдениетіміз бен игі дәстүрлерімізді ұлықтайтын осынау көктем мерекесі халықтарымыздың достығын бекемдеп, құт-береке әкелсін, – деп жазған Қырғыз Президенті.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Мемлекет басшысы мен бауырлас Қазақстан халқына жылы лебізін жолдады.
– Көнеден келе жатқан мейрамның ізгі дәстүрлері Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтып, қос халықтың игілігі үшін жаңа мазмұнмен байи береді деп ойлаймын, – деді Тәжікстан басшысы.
Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Наурыз мерекесіне орай ақжарма тілегін жеткізді.
– Адамзаттың бай мәдени мұрасының ажырамас бір бөлігі саналатын, сондай-ақ ізгілікті насихаттайтын наурыз мерекесі халықтар арасындағы достық пен бірлікті күшейте түседі. Аталған айрықша мереке Сізге және халқыңызға бақыт, қуаныш пен табыс сыйласын, – деді Сердар Бердімұхамедов.
Мемлекет басшысын сонымен қатар Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев құттықтады.