Жаңалықтар

7 қыркүйек 2012
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовпен кездесу өткізді

Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов Орталық Азиядағы саяси өзара іс-қимыл, тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселелерін, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ шекаралық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады.

Кездесудің салтанатты рәсімінен кейін Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов Орталық Азиядағы саяси өзара іс-қимыл, тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселелерін, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ шекаралық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады.

Қазақстан Президенті Ислам Каримовты және Өзбекстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, елге табыс тіледі.

- Сіздің басшылығыңызбен Өзбекстан экономикада, саясатта, әлеуметтік-қоғамдық өмірде, білімде, мәдениетте және елдің халықаралық беделін көтеруде зор жетістіктерге қол жеткізді. Біз елдің прогресіне қуанамыз, өзбек бауырларымызға бейбітшілік, игілік және өркендеу тілейміз. Біз Өзбекстанды Орталық Азиядағы тату көрші әрі стратегиялық әріптес ретінде қарастырамыз. Қазақстан Өзбекстанмен тығыз байланыс орнатуға ұмтылады. Мен барлық саладағы екіжақты байланыстарды кеңейтудің және тереңдетудің сенімді жақтаушысы болдым және бола бермекпін. Сіздің 2008 жылы Астанаға жасаған сапарыңыз және менің 2010 жылы Ташкентке жасаған сапарым ынтымақтастықты одан әрі дамуға жақсы серпін берді. Биылғы қараша айында біздің елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толады. Осыған байланысты мерекелік іс-шараларды өткізу жөнінде тапсырма беруді ұсынамын, - деді Мемлекет басшысы.

Одан кейін сөз алған Ислам Каримов Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқына шын пейілі, қонақжайлығы үшін алғысын айтып, зор құрметін білдірді.

- Біз Өзбекстанда халықтарымызды бірнеше ғасырлар бойы байланыстырып тұрған тарихи дәстүрлі достыққа негізделген тату көршілік қарым-қатынасты, ортақ тамырластықты, құндылықтар мен мүдделестікті аса жоғары бағалаймыз. Мен осы тамырластықты сезіну, біздің халықтарымыздың ортақ мүдделерін терең түсіну дамуымыздың мықты іргетасын бекітіп, біздер өмір сүріп жатқан бүгінгі күрделі кезеңнің құбылмалылығына қарамастан, елдеріміздің екіжақты қарым-қатынастарын нығайтатынына сенемін. Өзбекстан делегациясының бүгінгі Қазақстанға сапары, біздің кездесуіміз, біздің өзара қызығушылығымызды тудыратын ауқымды мәселелер мен өзекті проблеманы Қазақстан Президентімен сенімді  ашық талқылауларымыз маңызды.  Мен жинақталып қалған өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып тұру үшін жиі кездесуіміз керек деп санаймын, өйткені, оларды шешу, бастапқы кездегіден гөрі қиынға соғады, - деді Ислам Каримов.

Кездесудің соңында тараптар достық қатынастарды нығайту және екіжақты ынтымақтастақты одан әрі тереңдету қажеттігін атап өтті.  


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар