Бөлімдер санаты

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 тамыздағы N 379 Жарлығы «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының мәртебесі мен өкілеттіктері туралы»

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 19) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы (бұдан әрі - Мемлекеттік хатшы) Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Қазақстан Республикасының лауазымды тұлғасы болып табылады.

2. Мемлекеттік хатшы өз қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей басшылығымен жүзеге асырады, оған есеп береді және бақылауында болады.

3. Мемлекеттік хатшы қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары, осы Жарлық пен Қазақстан Республикасы Президентінің өзге де актілері құрайды.

4. Мемлекеттік хатшы мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

1) Қазақстан Республикасының Президенті үшін ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар тұжырымдайды;

2) Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша:

Қазақстан Республикасының Парламентімен және оның палаталарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктерімен қарым-қатынастарда;

халықаралық қарым-қатынастарда оның мүдделерін білдіреді;

3) мыналардың:

әлеуметтік-гуманитарлық: білім, ғылым, мәдениет және спорт салаcындағы;

Мемлекет басшысының жанындағы мына консультативтік-кеңесші органдардың: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның; Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы жөніндегі республикалық комиссияның; Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның; әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның қызметтерін үйлестіреді;

3-1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді, қоғамдық даму саласындағы басқа мемлекеттік талдамалық құрылымдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын үйлестіреді;

4) Қазақстан Республикасында қоса атқарушы ретінде тіркелген шет мемлекеттердің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдайды;

5) Қазақстан Республикасының Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

5. Осы Жарлықпен белгіленген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында Мемлекеттік хатшы:     

1) өкімдер шығаруға;

2) орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар беруге;

3) Қазақстан Республикасының Парламенті мен оның палаталарының, Үкіметінің, Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға;

4) өз құзыретіне жататын мәселер бойынша мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен басқа да материалдарды сұратуға және алуға;

5) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын әзірлеу, сондай-ақ Мемлекет басшысы алға қойған өзге де міндеттерді шешу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.

6. Мемлекеттік хатшының қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдау және өзгедей қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады. 


 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы 

КӨШЕРБАЕВ Қырымбек Елеуұлы

 

1955 жылы 20 мамырда Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген.

1978 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтты инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген. 1991 жылы КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын тәмамдаған. Саясаттанушы, саяси ғылымдар докторы, философия ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1978 жылы Қызылорда «Главриссовхозстрой» құрылыс-өндірістік бірлестігінің ПМК – 112 өндірісін дайындау тобының бастығы, инженер болып бастаған. 1979-1981 жылдары Қызылорда облысының Бүкілодақтық екпінді комсомол құрылысының – күріштік-инженерлік жүйесінің штаб бастығы болды.

1981-1983 жылдары – сектор меңгерушісі, Қазақстан ЛКСМ ОК жауапты ұйымдастырушысы.

1983-1986 жылдары – Қазақстан ЛКСМ ОК Қызылорда қалалық комитетінің бірінші хатшысы.

1986-1987 жылдары – Қазақстан ЛКСМ ОК комсомол ұйымының бөлім меңгерушісінің орынбасары.

1987-1988 жылдары – Қазақстан ЛКСМ ОК Мәдениет бөлімінің меңгерушісі.

1988-1991 жылдары – КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында (Мәскеу қаласы) аспирант.

1991 жылы – Қазақ КСР Президент Әкімшілігі Мәдениет және ұлтаралық қатынастар жөніндегі референтураның референті.

1991-1994 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының көмекшісі.

1994-1995 жылдары – Алматы қаласы Калинин аудандық әкімшілігінің басшысы.

1995 жылы Қазақстан – Республикасы Министрлер Кабинеті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі.

1995-1996 жылдары – Қазақстан Республикасы Үкіметі Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Аймақтық даму бөлімінің меңгерушісі.

1996-1997 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы.

1997-1999 жылдары – Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі.

1999 жылы – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, білім және спорт министрі.

1999-2000 жылдары – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі.

2000-2003 жылдары – Батыс Қазақстан облысының әкімі.

2003-2006 жылдары – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі.

2004-2006 жылдары – Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы, Финляндия Республикасын қоса алғандағы Төтенше және өкілетті елшісі.

2006-2011 жылдары – Маңғыстау облысының әкімі.

2012 жылы – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.

2012-2013 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары.

2013-2019 жылдары – Қызылорда облысының әкімі.

2019 жылғы маусым-қыркүйек аралығында – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы.

2019 жылғы 18 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы лауазымына тағайындалды.

«Парасат» (2003), «Барыс» ІІ дәрежелі (2009), «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» (2015) ордендерімен және медальдармен марапатталған.