Жаңалықтар

15 қазан 2015
Қазақстан мен Ресей Президенттерінің келіссөздер қорытындысына арналған бірлескен брифингі

 

Мемлекет басшысы брифинг барысында Ресей Президенті сапары мәртебесінің биіктігі екі ел қарым-қатынасының ерекше сипатын айғақтайтынын атап өтті.

Қазақстан мен Ресейдің арасында өзара іс-қимылдың, достық пен ынтымақтастықтың ілгеріден келе жатқан және нағыз табысты тәжірибесі қалыптасқан. Біздің әрбір кездесуіміз бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі нақты уағдаластықтарға, ынтымақтастықтың өзара тиімді шартқа негізделген жаңа бағыттарын айқындау мәселелеріне арналады, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті қазіргі күрделі ахуалды ескере отырып, келіссөздерде экономикада үйлесімді іс-қимылдар жүргізу мәселесі басты тақырып болғанына назар аударды.

Бұл үшін бізде екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да қажетті нәрсенің бәрі бар. ЕАЭО-ны құрудың өзі елдеріміз үшін маңызы зор игі қадам болып саналады. Қазақстанның өнім  өндірушілері ЕАЭО-ға мүше елдердің ауқымды нарығына шектеусіз қол жеткізді. Енді осы нарықта орнығу үшін тауар мен жұмыс және қызмет көрсетудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер кезінде әлемдік экономикадағы түйткілдердің салдарын жеңілдету үшін бірқатар нақты шаралар белгіленгенін айтты.

Бұл – Ресейдің газы мен мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға транзиттеу, Каспийдегі «Центральное» және Хвалынское» кеніштерін бірлесіп игеру, көмір өнеркәсібі саласында ынтымақтасу, транзит үшін Каспий теңізінің бойымен Парсы шығанағына шығатын жаңа жолды пайдалану жайын пысықтау мәселесі. Біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының аяқталуы, сондай-ақ инфрақұрылымдық саладағы ынтымақтастық туралы арнайы сөйлестік. Осы бағыттардағы серіктестікті дамыту үшін зор әлеуетіміз бар, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі елдің сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимылының келешегіне бөлек тоқталып өтті. 

Ресей Қазақстанның сауда саласындағы дәстүрлі ірі серіктесі болып саналады. Өзара тауар айналымының орташа жылдық көлемі шамамен 21 миллиард долларды құрайды. Ресей компаниялары Қазақстанның ірі көмірсутек шикізаты кеніштерін игеруге қатысуда. Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысы бар 5600-ден астам кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Бүгінде Қазақстанның Индустрияландыру картасы аясында қазірді өзінде бірлескен 20 ірі инвестициялық жоба іске асырылды, 4-еуі атқарылып жатыр, тағы 3-еуі болашақта қарастырылмақ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Іс-шара барысында сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерге қатысты Қазақстан мен Ресейдің ұстанымдары айтылды.

Біз Минск уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысын, жаһандық және өңірлік ұйымдар аясындағы ықпалдастық аясын, әсіресе Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздік мақсатында кеңейту мәселелерін талқыладық. Бұл ретте Ауғанстандағы, Сирия мен Ирактағы ахуалдың мәні зор.  Біз Владимир Владимировичпен осы өңірде қалыптасқан жағдайды талқыладық. Бүгінде шииттер мен мен сүнниттер арасындағы текетіресті өз мақсатына пайдалану белсенді жүруде. Алайда бұл әңгімелер шындыққа еш жанаспайды. Сирияда болып жатқан жайт – біздің бәріміз үшін, әсіресе Орталық Азия өңірі үшін ортақ қатер. Осыған байланысты біз «Ислам терроризмге қарсы» форумын өткізу идеясын ұсынып отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан мен Ресейдің әлемдегі ахуалдың өрістеуіне және оны бағалауға қатысты көзқарастары ортақ екені, екі елдің халықаралық мәселелерді шешу жөніндегі қадамдарының тығыз үйлесімділігі, бұл мәселелер бойынша пікір алмасулар мұны тағы да дәлелдегені атап өтілді. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ресей тарапына Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер А.Айымбетовтің ғарыш экспедициясын ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін алғыс айтты.

Ресей Президенті өз сөзнде бүгін сындарлы әрі мазмұндыы келіссөздер өткенін атап көрсетті.

Дәстүр бойынша бұл кездесулер ашық әрі достастық ыңғайында өтті. Біз сауда, инвестиция, энергетика, көлік, ғарыш, атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану сияқты салаларға айрықша көңіл бөліп, екіжақты қарым-қатынастардың барлық мәселелері бойынша пікір алмастық, – деді В.Путин.

***

Ресей Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында төмендегідей екіжақты құжаттарға қол қойылды:

– Жер қойнауын пайдалануға қатысты егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 1998 жылғы 6 шілдедегі келісім хаттамасына өзгерістер енгізу туралы хаттама;

– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының аумағындағы жер учаскесін пайдалана отырып, Домбаровский позициялық ауданынан зымырандар ұшыру кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы келісім.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар