Жаңалықтар

5 қазан 2012
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Российская газета» басылымында жарияланған «Ғасырларға созылған достық» атты мақаласы

 

 

Дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 20 жылдығын Қазақстан мен Ресей стратегиялық әріптестер, ең жақын одақтастар және достар ретінде қарсы алуда.

2012 жылдың 19 қыркүйегінде екі ел Президенттерінің қолдауымен Павлодарда өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ІХ форумының қорытындылары да біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейін айғақтайды.

Екіжақты қарым-қатынастардың бұл сияқты алаңқайына ұқсас дүние   ТМД-да да, қалған әлемде де жоқ.

Міне, тоғыз жылдан бері, жыл сайынғы пішінде, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас қалаларының бірінде алма-кезек тек біздің екі елдің Мемлекет басшылары мен үкімет мүшелері ғана емес, сонымен бірге қазақстандық және ресейлік өңірлердің, бизнес-топтардың басшылары, қалың жұртшылық өкілдері кездесіп тұрады.

Осы уақыттар ішінде Форумның географиясы шапшаңдықпен ұлғая түсті.

Бүгінде кең көлемді өзара тиімді өңіраралық байланыстар жүйесі іс жүзінде бүкіл қазақстандық өңірлерді және Ресей Федерациясының 80-ге тарта субъектілерін қамтып отыр.

Осыған дейін өткен Қазақстан-Ресей өңіраралық форумдарының әрқайсысының күн тәртібіне көкейкесті мәселелер – шекара бойындағы сауданы және көлік транзиті әлеуетін  дамыту, ортақ шекаралардың қауіпсіздігі, энергетика және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық, төтенше жағдайларда бірлесе қимылдаудағы екі елдің өзара іс-қимылдары мәселелері енгізілді.

Павлодар  форумында инновациялық қызметтестік пен Қазақстан мен Ресейдің өндірістік кооперациясы тақырыбы талқыланды. 

Іскер топтар кездесуі шеңберінде 30-ға тарта келісімдерге, соның ішінде, жалпы сомасы шамамен 2 миллиард долларды құрайтын нақты жобаларға қол қойылды. Өңіраралық форумға орайластырылған халықаралық көрмеге 173 компания қатысты, олардың 75-і қазақстандық, 98-і ресейлік компаниялар.

Осының бәрі ырғақтылықты, өзара сенімнің тереңдігін, іскерлік көңіл-күйді және біздің елдеріміздің тату көршілігі мен ықпалдастығының кең ауқымды перспективаларын бейнелейтін қазіргі заманғы Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының тек бір күнінің ғана нәтижесі.

Қазақстан мен Ресейдің екі онжылдықтағы жемісті қарым-қатынастары оның біздің халықтарымыздың мүддесі тұрғысында сенімді және сабақтаса дамуы үшін берік негіз қалады.

Біріншіден, өз тарихында алғаш рет Қазақстан мен Ресей тек өткен тарихының ортақтығымен ғана емес, сонымен бірге бүкіл еуразиялық өңір мен әлемнің қазіргі және болашақ дамуын бірдей болжауымен де көршілес тәуелсіз мемлекеттер, БҰҰ-ның толыққанды мүшелері ретінде өзара қарым-қатынастар қалыптастырды.

Екіншіден, КСРО ыдырағаннан кейін мемлекетаралық бөлінудің іс жүзінде барлық мәселелері бір-бірінің ұлттық мүдделерін ескере отырып, сындарлы негізде шешім тапты.

Бүтіндей алғанда, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары тек ТМД елдері үшін ғана тартымды модель емес, сонымен бірге ХХІ ғасырда мемлекеттер арасындағы екіжақты қарым-қатынастар қалай дамуы керек дегенге көрнекі үлгі де бола алды.

Үшіншіден, түрлі салалардағы 480-нен астам келісім-шарттар мен келісімдерден тұратын екіжақты қарым-қатынастардың көлемді құқықтық базасы құрылды.

1992 жылдың 25 мамырындағы Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім-шарт осымен екінші рет келесі 10-жылдық мерзімге өздігінен ұзартылып отыр.

Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісім-шарт бекітіліп, оны демаркациялау жөніндегі жұмыстар оң сипатта жүргізілді.

1998 жылы қол қойылып, ХХІ ғасырға бағдарланған Мәңгілік достық және одақтастық туралы тарихи декларация іс жүзінде жүзеге асты.

Төртіншіден, Қазақстан мен Ресейдің екіжақты өзара іс-қимылдары мен ықпалдастығы екіжылдық Бірлескен іс-қимылдар жоспары негізінде дамуда.

2007 жылдан бастап осындай екі жоспар жүзеге асты, ал биылғы жылы 2011-2012 жылдарға арналған Жоспарды орындау аяқталып келеді. Қазір екі ел сарапшылары алдағы жылдарға арналған жоспардың жобасын әзірлеуде.

Бесіншіден, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары бағыттардың кең ауқымды кешені бойынша табысты әртараптандырылған және іс жүзінде ықпалдастықтың барлық маңызды салалары – сауда-экономикалық, инвестициялық, өңіраралық, саяси, әскери-техникалық ж.т.б. салаларды қамтиды.

2011 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы шамамен 24 миллиард долларды құрады.

1700 Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорындары табысты жұмыс істеуде.

Екі елдің арасындағы келісімдер мен уағдаластықтардың жүзеге асуын бақылайтын екіжақты Үкіметаралық комиссия жұмыс істейді.

Қазақстан-Ресей арасындағы байланыстар ғылым мен инновациялар, еуразиялық көлік инфрақұрылымы, біртұтас энергетикалық кеңістік құру саласындағы ынтымақтастық сияқты перспективалы салаларда қарқын алуда.

Екі онжылдықта Ресейдің әскери жоо-ларында 4 мыңнан астам қазақстандық офицерлер даярланды.

Әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың түрлі аспектілері бойынша 60-тан астам бірлескен келісімдер жүзеге асырылуда.

Алтыншыдан, Қазақстан мен Ресей іс жүзінде ортақ рухани-өркениет өлшемінде өмір сүруде.

Ғылыми білім беру, сол сияқты, гуманитарлық мәселелер жөніндегі Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара іс-қимылдар аясы кеңеюде.

Шамамен 20 мыңдай қазақстандық жас азаматтар Мәскеудің, Санкт-Петербургтің, Омбының, Екатеринбургтің, Новосібірдің, Томның және Ресейдің басқа да бірқатар қалаларының жоо-ларында білім алуда.

Ресейдің көршілес өңірлері жастарының қазақстандық жоо-ларда жоғары білім алуға мүмкіндіктері бар.

Ресей тарабы қызметтері Ресеймен, оның жекелеген өңірлерімен байланысты болған қазақ халқының  даңқты қайраткерлерінің есімдерін мәңгілікке қалдыру туралы Қазақстанның ұсынысын әр кезде де түсіністікпен қабыл алады.

Өз кезегінде, біз осыған дейінгі дәуірлерде еліміздің дамуында өз ізін қалдырған көптеген ресейлік ғалымдар мен жазушыларға, мәдениет және өнер қайраткерлеріне зор құрмет көрсетеміз.

Қазақстанда мемлекеттік қазақ тілімен тең қолданылатын орыс тілін еркін пайдалануға конституциялық және заңдық кепілдік берілген.

Осы аталғандардың бәрі – ХХІ ғасырдағы екі елдің достығын, тату көршілігі мен одақтастығының тамаша қорытындысы және сонымен бірге одан әрі даму үшін берік база.

Бұл қарым-қатынастар өзім зор құрметпен қарайтын Ресейдің бірінші Президенті Б.Н.Ельциннің кезінде-ақ қалыптасқан. Елді тоталитаризмнен либералды экономика мен саясатқа бұра отырып, оның дамудың бүгінгі векторын қалағанын Ресейдің әркезде де есте сақтайтынына сенімдімін.

Қазақстан мен Ресей жүріп өткен 20 жылдық жолға баға бере отырып, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путиннің ХХІ ғасырдағы біздің екіжақты қарым-қатынастарымыздың табысты дамуына қосқан тамаша тарихи үлесін атап көрсетуді өзімнің борышым санаймын.

Біздің бірлескен жұмыстарымыздың 20 жылы – ол Қазақстан мен Ресей қарым-қатынастарындағы «алтын мүшел» (шығыстың халық календары бойынша 12 жылдық өмір циклі – ред. ескертуі). Бұл кезеңдер біздің елдеріміздің арасында ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында бекітілген келісімдер мен уағдаластықтардың терең мазмұнымен толықты.

В.В.Путиннің саяси ерік-жігері мен көрегендігі екіжақты қарым-қатынастардың барлық аспектілері бойынша табыстың шешуші факторына айналды.

Мәселен, экономикалық ынтымақтастық саласында Каспийдің мұнай байлығын бірлесіп талдауда, Каспий құбыр консорциумының қуатын 2015 жылдан бастап 67 миллион тоннаға дейін ұлғайтуда, ресейлік компаниялардың қатысуымен Қарашығанақ газ кен орнын игеруде айтарлықтай қадамдар жасалды.

Екібастұздағы ең ірі көмір кен орны мен электр стансасының құрылысы бірлесіп  игерілуде.

Электр энергиясының ортақ рыногын қалыптастыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдар жоспары жүзеге асырылуда. Уран өндіру жөнінен 3 бірлескен Қазақстан-Ресей кәсіпорны құрылып, жұмыс істеуде.

 Біздің ынтымақтастығымыз Ресейдің экс-Президенті Д.А.Медведевтің мүдделі қатысуымен де жалғасып, дами түсті. Мәселен, ядролық энергияны бейбіт мақсаттар үшін өндірудің біртұтас циклін қалыптастыру, атом энергетикасы саласындағы бірлескен компаниялар құру жөнінен жұмыстар басталды.

Таяу болашақта біздің экономикаларымыздың бірлесіп технологиялық серпіліс жасауын қамтамасыз етуді көздейтін құрылым ретінде  Қазақстан-Ресей Нанотехнологиялар қоры құрылды.

Біз ғарыш саласындағы, соның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағында  «KAZSAT» байланыс спутниктері серияларын ұшыру, ГЛОНАСС жүйесін бірлесіп, пайдалану бойынша ынтымақтастықты дамытудамыз.

Павлодар форумында Қазақстан серіктестіктің жаңа алаңын – Байқоңыр инновациялық форумын құруды ұсынды, және бұл бастама Ресей Президентінен тұтастай алғанда қолдау тапты.

ТМД кеңістігінде ықпалдасу ісінде біз «сөз онжылдығынан» «іс-қимыл онжылдығына» көше алдық.

Мұндай ықпалдасу Ресейдің, В.В.Путиннің батыл қолдауынсыз мүмкін болмас еді.

2000 жылы Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылып, ойдағыдай жұмыс істеуде.

2010 жылы Қазақстан мен Ресей Белоруссиямен бірлесіп Кеден одағын құрды. Бұл Д.А.Медведевтің белсенділігімен  жүзеге асты.

Қазір біз Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру ісімен айналысудамыз. Үш мемлекеттің Еуразиялық экономикалық комиссиясы құрылды және ойдағыдай жұмыс істеуде.

Мен 1994 жылы тұңғыш рет ұсынған Еуразиялық экономикалық одақ идеясы қазір қазақстандықтардың, ресейліктердің және белорустардың элиталық ортасында да, қалың көпшілік арасында да түсіністікпен қабылдануда. Оны ТМД-ның бірқатар басқа елдері де қолдап отыр.

Біздің В.В.Путинмен экономикалық прагматизм, теңдік, өзара тиімділік және бір-біріміздің мүдделерімізді құрметтеу принциптеріне негізделген интеграциялық үдеріске көзқарасымыз ұқсас екенін атап өткім келеді.

Сондықтан да бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей ХХІ ғасырдың ең перспективалы үдерісі – Еуразиялық ықпалдастықтың ұйытқысы болып табылады.

Біздің елдеріміз Белоруссиямен бірлесе отырып қазірдің өзінде 2015 жылы экономикалық ықпалдастықтың мейлінше тығыз формасына – Еуразиялық экономикалық одаққа көшу жоспарларын межелеп отыр. Мен бұл үдерістің де жемісті болатынына сенімдімін.

Қазақстан мен Ресей басшылығының аймақтық және ғаламдық қауіпсіздік мәселелеріне бірдей көзқараста екенін атап өтудің маңызы зор.

Мен Ресей Президенті В.В.Путиннің және басқа да ТМД елдері көшбасшыларының принципті қолдауы Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы туралы мәселені шешуде салмақты негіз болғанын ризашылықпен еске аламын.

Бүгінгі таңда біз Ресеймен және басқа да серіктестерімізбен бірге АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздіктің шешуші тетіктерін нығайту бағытында белсенді жұмыс жүргізудеміз. Бұл істе де Қазақстан мен Ресейдің пікірі бірдей.

12 жылдың ішінде В.В.Путинмен әртүрлі ресми форматтарда және «галстуксіз» көптеген кездесулеріміз болды. Біз телефонмен ұдайы сұхбаттасып, екіжақты қатынастардың, аймақтық және ғаламдық саясаттың көкейкесті мәселелерін талқылап отырамыз.

Мен онымен Ресей Федерациясының Президенті ретіндегі бірінші кездесуімді ерекше жылылықпен  еске аламын.

Сол 2000 жылы бүкіл әлем «Who is mister Putin?» деген сауалға жауап іздеп жатқан кез еді. Бұл сауалдың жауабы біздің бірінші  әңгімемізден кейін-ақ маған барынша айқын бола түсті.

Мен оны Ресейдің тарихи ұлылығына лайықты саяси көшбасшы ретінде таныдым.

Менің алдымда өз елі мен халқының мүдделерін бәрінен де маңызды санайтын жігерлі, адал және принципті саясаткер отырды.

Егер ол сөз берсе, оны орындайды. Мен мұны білемін. Бұл осындай ауқымдағы саясаткер үшін маңызды қасиет.

Сонымен бірге ол барлық әріптестер үшін қарапайым, менмендігі жоқ, ізгі ниетті адам болып қала береді. Мұндай адаммен дос болудың өзі бір ғанибет.

Ол Ресейдің аса ұлы жауапкершілігінің жүгін көтеруге толық дайын және қабілетті ХХІ ғасырдың жаңа көшбасшысы.

В.В.Путин Ресейді жаңа жүзжылдыққа батыл бастап келеді. Осы жылдар ішінде ол өзінің сайлауалды бағдарламаларында елді дамытудың нақты жолдарын ұсынды, сондай-ақ елдің бірлігін және оның халықаралық беделін нығайтты, терроризм мен сепаратизмге аяусыз соққы берді.

Ол Ресейді халықтың әл-ауқаты мен игілігін көтеруге бағытталған ірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, экономикалық өсу жолына шығарды.

Оның саясатының арқасында Ресей Федерациясы әлемнің неғұрлым ырғақты дамушы еліне айналды, жауапты ғаламдық ойыншы қасиеттерін таныта отырып, әлемдік саясатта лайықты орын алды.

Мен оның мақсаткерлігін және келіссөздердің ең күрделі аспектілеріне терең бойлайтынын, шешімдер қабылдау кезінде серіктестіктердің ұстанымдарын түсінетінін және ескеретінін жоғары бағалаймын.

Аумағы және мәдени сан-алуандығы жағынан әлемдегі ең үлкен державаны басқару оңай емес.

Ол айрықша саяси дарын мен шеберлікті талап етеді.

Өзімнің жеке саяси тәжірибемді ескере отырып, жақсылықтарға қарай нақты бетбұрыстар жасалғанда қоғамның бір бөлігінде оны жеделдету тілегі пайда болатынын білемін.

Біз бүгінгі таңда Ресейде және басқа көптеген елдерде осындай үрдістің анық байқалатынын көріп отырмыз.

Бірақ, барлық уақыттарда жауапты саяси көшбасшының міндеті кезең-кезеңмен дамуды қамтамасыз ете отырып, бұрын  жасалғандарды бүлдіріп алуға мен жол бермеу, мемлекет негізінің беріктігін шайқалтып алмау болып табылады. 

Елде тұрақтылық болмайынша, қоғам дами алмайды. Байқасаңыздар, бүгінгі таңда әлемде мұндай мысалдар көп.

Он екі жыл бұрын В.В.Путин ғасырлар жолайрығында тұрған Ресей үшін үмітке айналды.

Қазір ғаламдық трансформацияланудың күрделі жағдайында оның айрықша тарихи рөлі анық көрінеді.

Мен бұл жолдарды Қазақстан үшін тек қана көрші ел емес, басты экономикалық серіктес, тең құқықтық және сенімді одақтас мемлекеттің көшбасшысы туралы жазып отырмын.

Мен Ресей халқының досы ретінде барлық ресейліктерді өз көшбасшысы төңірегіне топтасуға және тарихтың осы бір  кезеңінде өз Отанының игілігі үшін еңбек етуге шақырамын.

Мұнсыз даму, қарапайым адамдардың тұрмысын жақсарту мүмкін емес. Мен мұны өз тәжірибемнен білемін.

Қазақстан халқы бірліктің, келісім мен тұрақтылықтың арқасында тамаша табыстарға қол жеткізді, тақыр жерде мемлекет құрып, оны бүкіл әлемге танымал етті.

Мен мұны кездейсоқ жазып отырған жоқпын. Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл және Владимир Владимирович Путиннің 60 жылдық мерейтойының саяси күнтізбеде қатар келуі елеулі оқиға.

Қазақстан өзінің тату көршісі және одақтасы ретінде қазіргі Ресейдің табыстарына қуанады.

Мен өз халқымның атынан Владимир Владимировичті 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, оған ойға алған мақсаттарының орындалуын және мықты денсаулық тілеймін.

Күшті де тұрақты Ресей – бұл барлық ТМД-ның, Еуразияның, сондай-ақ, тұтастай алғанда, ғаламдық халықаралық қатынастардың тұрақтылығының негізгі шарты.

Мен Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының атынан Ресейдің ұлттық көшбасшысына және ол арқылы күллі Ресей халқына дамуда жоғары қарқын мен сенімділік, ресейліктердің игілігі барлық біздің аймағымыздың тұрақтылығы мен өркендеуі жолында алға қойылған барлық мақсаттарда жетістіктерге жетуді тілеймін.

Менің осы тілектеріме біздің барлық көршілеріміз, Ресей Федерациясының шынайы достары мен әріптестері толық қосылатынына сенімдімін.

Қазақстан мен Ресейдің 20 жылдық қарым-қатынасы – бұл жол басы ғана.

Біздің одақтастығымыз бен тату көршілігіміздің болашағы үлкен, перспективалары орасан зор.

Қазақтар «Туыс атадан, көрші Алладан», – дейді.

Біз Қазақстанда Ұлы Ресеймен ізгі ниетті қарым-қатынасымызды қашанда бағалап келдік және бағалай береміз.

Біздің қарым-қатынасымыз өзара бай тарихымызға негізделген және сан мәрте уақыт сынынан өткен.

Бүгінгі таңда біздің достығымыз экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстармен, көптеген қазақстандықтар мен ресейліктердің туыстық қарым-қатынастарымен нығая түсуде.

Мен өзімнің барлық отандастарымды және барлық Ресей азаматтарын екіжақты қатынастардың мерейтойымен құттықтаймын және Қазақстан мен Ресей арасындағы достықтың мәңгілік, серіктестіктің ауқымды және өзара тиімді, одақтастықтың сенімді және берік болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға шақырамын.

"Российская газета", 2012 жылғы 5 қазан.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар