National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Президент жанындағы комиссиялар

әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сыйлығын беру жөнiндегi комиссия

Комиссия «әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы және әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 ж. 21 қаңтардағы № 993 Жарлығымен ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласындағы жетістіктері үшін мемлекеттік сыйлық беру жүйесін жетілдіру мақсатында құрылды.

әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сыйлығы (бұдан әрi – Мемлекеттiк сыйлық) ғылым мен техника қайраткерлерiнiң еңбегiн қоғам мен мемлекет алдында жоғары тану болып табылады.

Мемлекеттiк сыйлық Қазақстан Республикасының азаматтарына:

- республиканың экономикалық және әлеуметтiк дамуын айтарлықтай жеделдетуге, қазақстандық ғылым мен техниканың әлемдегi озық жетiстiктер деңгейiне шығуына әкелетiн iргелi және қолданбалы зерттеулер саласындағы аса үздiк нәтижелер үшiн;

- қоғамға кеңiнен танылған бiр саладағы ғылыми жаңалықтар, монографиялар мен ғылыми жұмыстар үшiн;

- техниканың, материалдардың және технологиялардың әлемдiк аналогтар немесе одан жоғары деңгейдегi жаңа түрлерiн әзiрлегенi және өндiрудi ұйымдастырғаны үшiн;

- экономиканың түрлi салаларында мемлекеттiк құпияларға жатқызылған мәлiметтерi бар мүлдем жаңа бұйымдар, технологиялық үрдiстер әзiрлегенi және жасағаны үшiн берiледi.

Мемлекеттiк сыйлықтарды Қазақстан Республикасының Президентi Тәуелсiздiк күнiне бередi.

Мемлекеттік сыйлық 2015 жылдан бастап екі жылда бiр рет берiледi.

Мемлекеттiк сыйлық алуға ұсынылған жұмыстарды әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сыйлығын беру жөнiндегi комиссия (бұдан әрi – Комиссия) қарайды.

Комиссия Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады және Мемлекеттiк сыйлығын алуға ұсынылатын жұмыстарды қарау және iрiктеу мақсатында құрылады.

Комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

Комиссияны Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы басқарады.

Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi болып табылады.

Жұмыс органы Мемлекеттiк сыйлық алуға ұсынылған жұмыстарға сараптамалық-талдамалық бағалау жүргiзу үшiн ғылым бағыттары бойынша секциялар құрады.

Комиссияның төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына және ережесіне сәйкес оның жұмысын ұйымдастырады және Комиссия мүшелерiнiң қызметiн үйлестiрудi қамтамасыз етедi. 

Комиссияның хатшысы жұмыс органы дайындаған құжаттар мен материалдарды Комиссияның қарауына ұсынады. 

Комиссияның отырыстары оның төраға бекiтетiн жұмыс жоспарына сәйкес өткiзiледi. Жоспардан тыс отырыстар Комиссия төрағасының шешiмi бойынша қажеттiлiгiне қарай өткiзiледi. Комиссияның отырыстары оның мүшелерiнiң жалпы санының үштен екiсi болған жағдайда құқылы. Комиссияның шешiмдерi хаттамамен ресiмделедi.

Комиссияның шешiмi отырысқа қатысқан Комиссия мүшелерi санының қарапайым көпшiлiк жасырын дауыс беруiмен қабылданады.

Комиссия мүшелерi жетеуден аспайтын жұмыс бойынша Мемлекеттiк сыйлық беру туралы оң шешiм қабылдайды.

Комиссияның жұмыс органы мынадай функцияларды жүзеге асырады:

Мемлекеттiк сыйлық алуға ұсынылатын жұмыстарды ресiмдеуге қойылатын жалпы талаптарды белгiлейдi; Мемлекеттiк сыйлық берiлетiн жылы Мемлекеттiк сыйлық алуға жұмыстарды қабылдау туралы хабарландыруды және оларды ресiмдеу жөнiндегi талаптарды Комиссия атынан бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;

Мемлекеттiк сыйлық алуға үмiткерлерден жұмыстарды қабылдауды және тiркеудi жүзеге асырады;

Мемлекеттiк сыйлық алуға ұсынылған жұмыстар бойынша мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптама жүргiзудi ұйымдастырады;

Мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптаманың екi терiс қорытындысын алған жұмыстарды одан әрi қарауға ұсынбайды;

Мемлекеттiк сыйлық алуға ұсынылған жұмыстарды сараптамалық-талдамалық бағалау жүргiзу үшiн ғылымның бағыттары бойынша секцияларға енгiзедi;

мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптаманың қорытындысын ескере отырып, өзiнiң нақты шығармашылық үлесi бойынша iзденушiнiң мәлiмделген авторлыққа (тең авторлыққа) сәйкестiгiн анықтай отырып, мемлекеттiк сыйлықтарды алуға ұсынылған жұмыстарды алдын ала iрiктеудi жүзеге асырады;

мемлекеттiк құпияларға жатқызылған мәлiметтерi бар жұмыстардан басқа, алдын ала iрiктеуден өткен жұмыстардың тiзiмiн авторлары мен осы жұмыстарды ұсынған ұжымдарды көрсете отырып, кеңiнен талқылау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;

Мемлекеттiк сыйлық алуға ұсынылған жұмыстарға келiп түскен пiкiрлерге талдау жүргiзедi;

жұмыс және iзденушiлер туралы мәлiметтерi, мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптаманың және секцияның қорытындылары, пiкiрлер туралы ақпараты бар жиынтық анықтама дайындайды;

Комиссияның отырысынан 10 күн бұрын алдын ала iрiктеуден өткен жұмыстарды, мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптаманың және секцияның қорытындыларын оның қарауына енгiзедi, Комиссия мүшелерiне материалдарды жiбередi;

Комиссия қарауының қорытындылары бойынша белгiленген тәртiппен Мемлекеттiк сыйлық беру туралы Қазақстан Республикасы Президентi актiсiнiң тиiстi жобасын әзiрлейдi;

Мемлекеттiк сыйлық лауреаттарының дипломдарын ресiмдеудi және омырау белгiлерiн дайындауды, лауреаттарға Мемлекеттiк сыйлықтың ақшалай сыйақысын төлеудi қамтамасыз етедi.

Комиссияның қызметiн тоқтату туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Президентi қабылдайды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару