National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Стратегиялар мен бағдарламалар


«Қазақстан – 2050» Стратегиясы

2012 жылы желтоқсанда Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы таныстырылды. Оның басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы.  

Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін «Қазақстан – 2050» Стратегиясы жеті ұзақмерзімді басымдықтарды іске асыруды қарастырады:  

1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм

2. Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау

3. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік

4. Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары

5. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту

6. Дәйекті және болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту

7. Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі

 

Стратегияның толық мәтіні



Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен бекітілген.

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары орта мерзімді кезеңге арналған мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаты болып табылады және ол Қазақстанның 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын іске асыру үшін әзірленді.

2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар Мемлекет басшысы 2017 жылдың басында жариялаған елдің Үшінші жаңғыру процестерін іске қосады және жеделдетілген сапалы экономикалық өсу мен елдегі өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі міндеттерді қойып отыр.

2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын алмастырады, ол жаһандық қаржы дағдарысының салдарын бәсеңдетті және экономиканың әртараптандырылған тұрақты өсуіне көшуді жеделдетті. 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың негізгі міндеттері мен нысаналы индикаторлары орындалды, қалғандары мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлар арқылы іске асырылуда.

2025 жылға дейінгі негізгі мақсат – адамдардың әл-ауқатын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне көтеруге алып келетін экономиканың сапалы әрі тұрақты дамуына қол жеткізу.

Экономиканың сапалы өсуі бизнес пен адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, технологиялық жаңғыртуға, институционалдық ортаны жетілдіруге, сондай-ақ адамның табиғатқа теріс ықпалын барынша азайтуға негізделуге тиіс. Бұл ретте БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары маңызды бағдар болады.

2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар жеті маңызды жүйелі реформаның және жеті басым саясаттың төңірегінде құрылған, олар 2025 жылға дейінгі кезеңде елдің экономикасы мен әлеуметтік өмірінде жүзеге асырылатын болады. Елдің әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы прогресін өлшеу үшін негізгі ұлттық индикаторлар мен халықаралық индекстер айқындалды.

 

Стратегияның толық мәтін


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару